АҚШ президенті Дональд Трамп өзінің сайлауалды штабы мен ресейлік үкімет агенттері арасында ешқандай астыртын келісім болмағаны туралы бұған дейін айтқанын қайталады.
Желтоқсанның 2-і күні Ақ үйдің алдында журналистерге Трамп: "ешқандай астыртын сөз байласу мүлде болған емес" деп мәлімдеген. Трамп мұны оның бұрынғы ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Майкл Флинн өзіне тағылған "жалған мәлімет берген" деген айыпты мойындаған күннің ертесінде айтқан.
Жұма күні Флинн АҚШ президенті сайлауы өткен 2016 жылғы қараша мен президент Трамптың қызметіне ресми кіріскен 2017 жылғы қаңтар арасындағы өтпелі кезеңде ресейлік ресми тұлғамен кездесуіне қатысты бұған дейін АҚШ федералдық тергеу бюросына (ФБР) жалған мәлімет бергенін мойындаған.
Оқи отырыңыз: Трамптың бұрынғы кеңесшісіне айып тағылды
БАҚ-тың хабарлауынша, Флинн өтпелі кезедегі әкімшіліктің аты-жөні аталмаған жоғары лауазымды қызметкерінің нұсқауы бойынша Ресей үкіметімен байланыс орнату үшін іс-әрекет еткені туралы куәлік беруге келіскен. ФБР-ге жалған мәлімет бергені үшін Флинн бес жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін, бірақ үкімге оның тергеу барысында айтқандары да әсер етпек.
АҚШ президентінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесші болып 24 күн істегеннен кейін Майкл Флинн биыл ақпанда сол кездегі АҚШ-тағы "Ресей елшісі Сергей Кислякпен кездесуі туралы вице-президент Майк Пенске қате ақпарат берді" деген негізбен қызметінен босатылған.