"Астанада бейсенбіде Қытайда жазықсыз сотталған этникалық қазақтардың туыстары жиналып, Қазақстан мен Қытай биліктерінен араша сұрады" деп хабарлайды Азаттық тілшісі. Баспасөз конференциясын өткізгендер Қытайдағы туыстарының қудаланып, жазықсыз сотталып жатқанын айтты.
Жиында сөйлегендер Қытай үкіметі Қазақстан азаматтығын алған қазақтарды "Қытайға келіп, тіркеуін өшіртуге негізсіз мәжбүрлеп жатқанына" шағымданды. Олардың сөзінше, "көрші ел билігі Қазақстанда оқитын этникалық қазақ студенттерін шақыртып, келмеген жағдайда ондағы ата-аналары мен туыстарын қысымға алып жатыр". "Ал Қытайға барған қазақтардың құжаттарын алып қойып, бермей қояды, ал өздерін еш себепсіз ондаған күнге қамайды. Ондағы қазақтарға Қазақстандағы туыстарымен сөйлесуге, байланыс орнатуға тыйым салып жатыр" дейді конференцияда сөйлеген Қыдырәлі Оразұлы. Оның сөзінше, Қытайда қуғын көрген қазақтарды қорғау жөнінде құрылған қоғамдық комиссияға осы мәселе бойынша төрт мыңнан астам арыз түскен.
Шағымданушы азаматтар Қытай үкіметінің қазақтарға қысым жасауы "қазақстандықтардың наразылығын тудыратынын және екі ел арасындағы саяси-экономикалық әріптестікке кесірін тигізетінін" айтып, биліктен бұл мәселенің халықаралық заңға сай, "қос мемлекет арасындағы өзара түсіністік негізінде" шешілуіне ықпал етуді сұрайды.
Баспасөз конференциясында кейбір адамдар Қытайда сотталған және қамауға алынған туыстарының суреттерін ұстап отырды.
Жиынға белсенді Мұсағали Дуамбеков, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының өкілдері де қатысты. Жиынға Қазақстан сыртқы істер министрлігі, Қытай елшілігінің өкілдері де шақырылғанымен, олардан ешкім келмеді.
Наразы топ бұдан соң арыз-шағымдары жазылған, 100-ден астам адам қол қойған хатты Қазақстан сыртқы істер министрлігіне тапсырды.
Қытайдағы этникалық қазақтардың үкімет қысымына ұшырап жатқаны туралы алғашқы хабарлар 2017 жылдың көктемі мен жаздың басында шыға бастаған еді. Азаттық бұл тақырыптағы сериялы мақалаларының алғашқысын 2017 жылы маусымның 8-і жазды.
Оқи отырыңыз: Қытай қазақтары "қысым көріп жатқандарын" айтады
Этникалық қазақтардың туыстары оларға қарсы қандай айып тағылып отырғанын анықтай алмай отырғанын айтады. Бұл мәселе мұнан ары биыл маусым айында Астанада өткен Дүниежүзі қазақтары құрылтайында көтерілді.
Қазанның 31-і күні Астанадағы "Бейжің сарайы" қонақүйінде болған журналистермен кездесуінде Қытайдың Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Чжан Хань Хуей журналистер қойған сауалға орай "заңсыз әрекеттер болып жатқанын" мойындаған болатын. Ол Қытай коммунистік партиясының 24 қазанда аяқталған 19-съезі қарсаңында ШҰАА-да азаматтарды "қатаң қадағалау мен тексеру шаралары" жүргізілгенін айтқан.