Украинаның "Жаңа күштер қозғалысы" оппозициялық қозғалысының жетекшісі, Одесса облысының бұрынғы губернаторы Михаил Саакашвили Украина президенті болу ниеті жоғын мәлімдеді. "Настоящее время" телеарнасына берген сұхбатында Грузияның экс-президенті Михаил Саакашвили Украина президенті этникалық украин болуы тиіс екенін айтты. Саакашвили "Украинада қандай да бір этникалық топ өкілі болу - салыстырмалы түсінік" екенін айтып, "Украинада туып, бүкіл өмірін осы елде өткізген" адамның президент болуы тиіс екенін нақтылады.
Михаил Саакашвили Украина өзіне азаматтығын қайтарып берген соң саяси қызметпен айналысу ниеті барын білдірді.
Желтоқсанның 8-і күні Украина қауіпсіздік қызметі Саакашвилиді Киевтегі пәтерінен ұстап әкеткен еді. 11 желтоқсанда Киев соты Михаил Саакашвилиді үйқамаққа алудан бас тартты. Украина бас прокуроры Юрий Луценко прокуратураның сот шешіміне апелляциялық шағым түсіретінін мәлімдеді.
Тергеу орындары Саакашвилиді "Украинаның экс-президенті Виктор Януковичтің жақтастарының мүддесі үшін, елде мемлекеттік төңкеріс жасамақшы болған" деген айып таққан. Юрий Луценко саясаткер Ресейде жасырынып жүрген украиналық бизнесмен Сергей Курченкодан өз қызметі үшін жарты миллион доллар қаржы алғанын мәлімдеген. Курченко Саакашвилимен таныс емесін айтқан. Саакашвили бұл айыптарды теріске шығарады.
ВИДЕО: Киев соты Михаил Саакашвилиді тұтқындаудан бас тартты (12.12.2017)
Your browser doesn’t support HTML5