"Президент сайлауына түскісі келетін шынайы бәсекелестер жұрт сенетіндей күн тәртібіндегі мәселелерді көтеруі тиіс" деп мәлімдеді Ресей президенті Владимир Путин Мәскеуде өткізіп жатқан жыл сайын БАқ өкілдерімен өткізетін дәстүрлі баспасөз конференциясында.
Баспасөз мәслихатында журналистер Путинге "Президент сайлауындағы бәсекелестеріңіздің рейтингі алақұла. Не себепті күшті бәсекелес жоқ? Бәсекелес болмаған сайлауға қатысу қызықсыз емес пе?" деген сұрақтар қойды.
Путин Ресейде "шынайы бәселестердің жоқтығына халықтың әл-ауқатының, экономикалық көрсеткіштердің жақсарғаны себеп" екенін тұспалдап айтты. "Бәсекелесті енді өзім тәрбиелемеймін ғой. Саяси орта бәсекелі болуы тиіс және мен бізде теңгермелі саяси жүйе болғанын қалаймын... Неге бізде әйгілі әрі іскер оппозиционерлер жоқ және неге олар қазіргі билікке шынымен бәсекелес бола алмайды?" деген Путин бұдан ары Ресейде өмір сүру көрсеткіштерінің жақсарғанын, елді "1990 жылдардағы қиын кезеңнен алып шыққанын", ішкі жалпы өнім (ІЖӨ) көлемі артып, туу көрсеткіші ұлғайғанын айтты.
"Өйткені алаңда шулап, халыққа қарсы режим туралы айтып қана қоя салмай, бұдан да жақсы нәрсе жасауды ұсынған маңызды болар еді. Халық сенетіндей күн тәртібіндегі шынайы мәселені көтеру керек" деді Путин.
Ресей президенті сонымен қатар "оппозиция қалыптаса алмағанын" сынады.
Биылғы баспасөз конференциясына бұрынғыларынан ең көп - 1640 журналист тіркелген. Аккредитация берілген журналистер арасында тележүргізуші, президент сайлауына түсетінін жариялаған Ксения Собчак та бар.
Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков сайлауалды кампаниясы және Владимир Путиннің жаңа мерзімге президенттікке түсу ниеті бүгінгі баспасөз конференциясында ерекше талқыланады деген пікір білдірген.
Ресейде президент сайлауы 2018 жылдың 18 наурызына белгіленген.