«Роскосмос» «Восточный» космодромынан ұшырылған 19 спутниктен оларды тіркеп ұшқан зымыран тасығыш Байқоңыр ғарыш айлағынан ұшыруға арналып жасалғандықтан айырылып қалып отыр» деп мәлімдеді Ресей премьер-министрінің орынбасары Дмитрий Рогозин. Елдің ғарыш өнеркәсібі саласының қызметін үйлестіретін Рогозин «Роскосмос» басшылығын «жүйелі қателік жасады» деп айыптады.
«Восточный» космодромынан 28 қарашада «Союз-2.1б» зымыран тасығышымен ұшырылған 19 спутник орбитаға шыға алмай, байланыс үзілген. Жүздеген миллиард рубль қаржыға салынған «Восточный» космодромынан осымен екінші рет ғарышқа зымыран тасығыш ұшырылып отыр. «Роскосмос» спутниктер «Фрегат» үдеткіш блогының басқару жүйесінде ақау шыққандықтан жоғалғанын айтқан.
27 желтоқсанда «Роскосмос» Байқоңырдан «Зенит-ЗФ» зымыран тасығышымен ұшырған Анголаның байланыс спутнигінен де айырылды. Ғарыш аппараты «Фрегат» үдеткіш блогынан ажыраған соң сигнал бергенімен, кейін байланысқа шықпады. Спутникпен байланыстың үзілуіне таратқыштың немесе басқа құрылғының істен шығуы себеп болуы мүмкін деген болжам айтылады. Ангола өз тарихында байланыс спутнигін бірінші рет ұшырып отыр.