Ақтөбе қаласында құқық қорғаушы Ольга Климонова балаларын ертіп, облыстық әкімдік алдында пикет өткізді. Ол облыс әкімі Бердібек Сапарбаевпен кездесуді талап етті. Климонованың екі ұлы қолдарына "бізді нанымыздан айырмаңыз, президент мырза" деген жазуы бар плакат ұстап алған.
Бірақ әкімдік қызметкерлері әкім 20 қаңтарға дейін демалыста екенін айтып, Климонованы әкімнің орынбасары Нұрғалиев қабылдады. Нұрғалиев Климоноваға жұмыс тауып беруге, отбасына материалдық көмек көрсетуге уәде берді.
Климонова әкімдіктен "әкесіз қалған ұлының есепшотына салынған бұғатты алып тастауды, өзіне қатысты сот процестерін доғаруды, салынған айыппұлдарды жоюды" талап етеді.
Климонованың айтуынша, оның 11 жасар ұлы Иван Климоновтың жәрдемақысы түсетін есепшотын "бұғаттап тастаған". Иван Климонов бір асыраушысынан айырылған бала ретінде мемлекеттен жәрдемақы алады. Оның әкесі, Ольга Климонованың жолдасы біраз уақыт бұрын қайтыс болған.
Сот орындаушысы Арман Ахметовтың айтуынша, Климонованың "Халық банкінде" арнайы есепшоты мен карта шоты бар. Оның тек банк картасы ғана бұғатталған.
Климонова сот процестері мен айыппұлдарды "құқық қорғаушылық қызметіне жасалған қысым" дейді.
Климонова мәселесі шешілмесе 20 қаңтарда облыс әкімі Бердібек Сапарбаев демалыстан келген күні әкімдікке қайта келетінін айтты.