Шешенстанда "есірткі сақтаған" деген айыппен тұтқындалған ресейлік "Мемориал" құқық қорғау ұйымының жергілікті бөлімшесінің жетекшісі Оюб Титиевтің отбасы Шешенстаннан кетіп қалған. Бұл туралы "Интерфакс" агенттігіне қамаудағы құқыққорғаушының адвокаты Петр Заикин хабарлаған. Заңгердің айтуынша, Титиевтің туыстары өздеріне қоқан-лоқы жасау көбейгеннен кейін отбасының қауіпсіздігі үшін осындай шешім қабылдауға мәжбүр болған.
Заикиннің долбары бойынша, күш құрылымдары қоқан-лоқы жасау арқылы құқыққорғаушыны оған тағылған айыпты мойындауға мәжбүр еткісі келеді.
Адвокат тұтқын Титиевтің отбасы қайда көшіп кеткені туралы айтпаған. Заикин сонымен бірге олардың Ресейде екені әлде шетелге кетіп қалғаны туралы да айта алмайтынын жеткізген. Бұған дейін Титиев пен оның отбасы мүшелері құқық органдарының оған "терроризм" немесе "есірткі сақтау" айыбы бойынша қылмыстық іс қозғайтындарын айтып қоқан-лоқы жасағаны туралы хабарлаған.