Ақтөбе облысы Ырғыз ауданының аумағындағы автобус өртінен зардап шеккен бес адам арнайы санитарлық авиациямен жедел жәрдем ауруханасына жеткізілді. Бұл туралы Азаттық тілшісі хабарлады.
Ақтөбедегі жедел жәрдем ауруханасының бас дәрігер Рахымжан Арыстанның айтуынша, жарақаттанғандардың өміріне қауіп төніп тұрған жоқ. Екі адамның білегі, беті аздап күйген. Қазір олармен психолог, терапевтер сөйлесіп жатыр.
Ал жарақаттанғандар жатқан палатаға кіріп шыққан психолог Жанна Қадырованың айтуынша, "зардап шеккендер қатты қорқып қалған. Сөйлегісі келмейді. Оқиға туралы ештеңе айтпайды. Жарақаттанған бір адамның жақын туысқаны автобустағы өртте қаза тапқан".
Видео: Жарақаттанғандар ауруханаға жеткізілді
Your browser doesn’t support HTML5
Дәрігерлер жарақаттанған бес адам бүгін ауруханада қалатынын, 19 қаңтарда оларға қатысты шешім шығаратындарын айтты.
Ырғыз ауданы әкімінің орынбасары Нұрлан Қызбергенов Азаттыққа мәйіттер әлі қалаға жеткізілмегенін, оқиға болған жерде әлі криминалистер жұмыс істеп жатқанын айтты.
18 қаңтар күні сағат 10:30-да Ақтөбе облысының Ырғыз ауданы Қалыбай ауылынан 10 километр қашықтықта Шымкент – Самара жолында жолаушылар автобусы өртеніп, 52 адам қаза тапқан. Автобуста барлығы 57 адам – 55 жолаушы мен екі жүргізуші болғаны хабарланған. Үш жолаушы мен екі жүргізуші аман қалған. Қайғылы оқиға облыс орталығы Ақтөбеден 320 километр қашықтықта болған.
Ақтөбедегі автобус апаты
Your browser doesn’t support HTML5