Бизнесмен Мұратхан Тоқмадиге қатысты қылмыстық іс Жамбыл облыстық сотында қаралады деп хабарлады жергілікті ақпарат агенттіктері. Тоқмадиге қатысты іс 5 ақпанда Жамбыл облыстық қылмыстық істер бойынша ауданаралық сотының судьясы Азамат Тілеповке берілген. Сот актілері базасында бұл іс «көпшілікке жабық», ашылмайды.
Агенттік ақпараттарына қарағанда, Тоқмадиге Қылмыстық кодекстің 1997 жылғы редакциясындағы 96-баптың 2-бөлімінің «ж» және «з» тармақтары бойынша («Алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған, пайда табу мақсатымен, сол сияқты жалданып не қарақшылықпен, қорқытып алушылықпен не бандитизммен ұштасқан адам өлтіру») айып тағылған.
«Казстройстекло» компаниясының бұрынғы иесі, жеті ай түрмеде отырған Мұратхан Тоқмадиді былтыр қазанда Алматы соты бопсалады және заңсыз қару сақтады деп айыптап, үш жылға соттаған. Мұның алдында билік бизнесменнің прокурормен «кінәсін мойындайтыны туралы» процессуалдық келісім жасасқанын мәлімдеген.
52 жастағы Тоқмади 2017 жылы 12 маусымда Алматыда арнайы құрылымдардың операциясы кезінде ұсталып, қамалған.
Былтыр қыркүйектің ортасында Мұратхан Тоқмадидің екі адвокатының қылмыстық істен шеттетілгені, ал үшінші адвокаттан «Тоқмадидің өзі бас тартқаны» хабарланған. Туыстары мен жақтастары Тоқмадиге қарсы айыптардың «ойдан құрастырылғанын» айтады.
Былтыр қазан айында КТК телеарнасынан Тоқмадиге қатысты арнайы фильм көрсетілген. Фильмде Тоқмади «ТұранӘлем» банкінің басшысы Ержан Тәтішевті аңға шыққан кезінде «қасақана атып өлтіргенін», ал оған тапсырысты «банкир, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов бергенін» мәлімдеген. БТА Банкінің бұрынғы басшысы, шетелде қуғында жүрген Мұхтар Әблязовті Қазақстан билігі 2017 жылы маусымда «қаржы жымқырды» деп айыптап, сырттай 20 жылға соттаған.
Оқи отырыңыз: Қамаудағы кәсіпкердің "мойындауы"
Бұл фильмнен соң Мұратхан Тоқмадидің әйелі Жәмилә Айымбетова Facebook-те КТК телеарнасын сотқа бергенін мәлімдеген.