Бүгін Астанада Қазақстан футбол федерациясының (ҚФФ) кезектен тыс 16-шы конференциясы өтіп, Әділбек Жақсыбеков федерация президенті болып сайланды. Ұйымды бұған дейін басқарған Сейілда Байшақов отставкаға кетті. Бұл туралы федерацияның ресми сайтында хабарланды.
Қазақстан кәсіпқой футбол лигасының мүшелері – футбол клубтарының өкілдері, аймақтық футбол федерацияларының өкілдері Қазақстан футбол федерациясының президенті қызметіне Әділбек Жақсыбековтің кандидатурасын ұсынған. Дауыс беру қорытындысы бойынша Әділбек Жақсыбеков төрт жылға Қазақстан футбол федерациясының президенті болып сайланған.
Әділбек Жақсыбеков Қазақстанда ықпалды тұлғалардың бірі болып саналады. Әділбек Жақсыбеков мемлекеттік қызметке дейін иелік етіп, басқарған «Цесна» компаниясы қазір ірі корпорациялардың біріне айналған. Қазақстандық Forbes журналы Әділбек Жақсыбековті мемлекеттік қызметте жүргеніне қарамастан ең ықпалды 50 бизнесменнің ішінде 11-орынға қойған. Оның ұлы, 38 жастағы Дәурен Жақсыбек 2017 жылы Қазақстандағы ең бай 50 адамның ішінде 498 миллион доллар қаржысымен 8-орынды иеленген.
Оқи отырыңыз: Биліктегі бизнесмен.
63 жастағы Әділбек Жақсыбеков Қазақстан президенті әкімшілігінің жетекшісі. ҚФФ-ны 2007-2014 жылдар аралығында да басқарған. Жақсыбеков бұл ұйыммен қатар Қазақстанның жеңіл атлетика федерациясын да басқарады.