АҚШ вице-президенті Майк Пенстің Оңтүстік Кореядағы олимпиада ойындары кезінде өткізген кездесулерінде Вашингтон мен Пхеньян арасында тікелей келіссөз өткізу мүмкіндіктері бары айқындалды. Бұл жайында Пенс АҚШ-қа қайтқан жолында ұшақта америкалық Washington Post басылымының журналисімен әңгімесінде мәлімдеді. Басылымның жазуынша, жаңа мүмкіндіктер Пенс Оңтүстік Корея президенті Мун Чжэ Инмен кездесудің нәтижесінде ашылған.
Майк Пенс Washington Post тілшісіне Мун Чжэ Инмен келіссөзінде Солтүстік Кореямен бұдан арғы өзара іс-қимыл шарттары туралы келіскенін айтты. Уағдаластық бойынша, Солтүстік Кореямен әуелі Оңтүстік Корея келіссөз жүргізіп көреді, бұдан соң келіссөзге АҚШ қосылмақ.
Пенс бұған дейін АҚШ пен оның одақтастары Солтүстік Корея «ядролық және зымыран бағдарламасынан бас тартпайынша» Ким Чен Ын режиміне санкция салуды тоқтатпайтынын мәлімдеген. Бірақ Трамп әкімшілігі енді тіпті қысым көрсету шарасы жалғаса бергеннің өзінде Пхеньянмен келіссөзге дайын. Пенс мұны «бір мезетте қысым көрсету және өзара іс-қимыл» деп атап отыр.
«Олар (Солтүстік Корея) ядролық қарудан бас тарту қадамын жасамайынша, қысым азайтылмайды. Бірақ егер келіссөз жүргізгісі келсе, келісеміз» деді Пенс.
Майк Пенс пен Мун Чжэ Ин бұл мәселені 8 ақпан күні Сеулдегі кездесуде және 10 ақпан күні кешке Пхенчхандағы олимпиада ойындарын бірге тамашалаған кезде талқылаған. Пенс Азияға сапарында күн сайын АҚШ президенті Дональд Трамппен сөйлесіп отырды. Бұған дейін Дональд Трамп пен Мун Чжэ Ин әкімшіліктері олимпиададан соң Сеул мен Пхеньяннің жаңа ынтымақтастық орнатуына ынталы болмаған еді.