Украина президенті Петр Порошенко экс-президент Виктор Януковичтің үстінен қозғалған «мемлекетке сатқындық жасау» ісі бойынша сотта куәгер ретінде жауап берді.
Киевтің Оболонский аудандық сотында өткен жауап алу бір сағатқа созылды. Порошенко негізінен Қырымға 2014 жылы қыста – түбекті Ресей аннексиялап алмай тұрғанда барған сапары туралы сұрақтарға жауап берді. Порошенко сол кезде Қырымда Киевтің рұқсатынсыз жүрген Ресей әскери қызметкерлерінің жүргенін өз көзімен көргенін мәлімдеді. Украина президенті сотқа өзінің жұмыс кабинетінде отырып бейне байланыс арқылы қатысты.
Януковичтің адвокаттары Порошенкодан не себепті ол 2018 жылы қаңтарда еңбек демалысында Мальдив республикасына барғанда қызметінен шеттетілмегенін сұраған. Бұдан соң судья тергеуді тоқтатты. Судья адвокаттардың бұл сауалын арандату деп атады. Адвокаттар бұл сауал арқылы Виктор Януковичтің 2014 жылы ақпанда осындай жолмен биліктен шеттетілгенін салыстырып көрсетпек болған. 2014 жылы ақпан айында Янукович бірнеше айға созылған халық толқуларының қысымынан Украинадан кетуге мәжбүр болған. Бұдан соң Украина парламенті оның биліктен «өзін-өзі шеттеткені» туралы қаулы қабылдаған.
Порошенко адвокаттарға жауабында Януковичтің өз міндетін атқарудан өзі шеттетілгеніне күмән келтіретіндер Украинаның Конституциялық сотына жүгінуіне болатынын мәлімдеді.