2017 жылы әлем елдеріндегі адам құқығының жайы туралы есебін жариялады. Amnesty International (AI) халықаралық құқық қорғау ұйымының Алматыдағы өкілдері 22 ақпанда баспасөз конференциясын өткізіп, ұйымның әлем елдеріндегі 2017 жылғы адам құқығы туралы есебін таныстырды.AI өкілдері 22 ақпанда жарияланған есептің Қазақстанға қатысты тұсын кеңірек баяндады.
AI-дің Қазақстандағы зерттеушісі Хэза Макгиллдің айтуынша, құқық қорғаушыларды 2017 жылы Қазақстанда тәуелсіз кәсіподақтардың, азаматтық белсенділер мен «билікті сынаған» журналистердің қуғындалуы көбірек алаңдатқан.
Хэза Макгилл Қазақстан билігі былтыр тәуелсіз кәсіподақтарды жауып, олардың қызметін шектейтін ережелер енгізгенін, кәсіподақ мүшелеріне қарсы «заңсыз митингіге айдап салу және қаржы жымқыру» ісін қозғағанын айтады. Ол бұған мысал ретінде кәсіподақ басшылары Лариса Харькова, Нұрбек Құшақбаев және Әмин Елеусіновтің сотталғанын келтіреді.
AI бұған қоса өзі ар-ұждан тұтқыны деп таныған азаматтық белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аянның өз ой-пікірлерін еркін білдіргені үшін сотталғанын айтады.
Құқық қорғаушылар 2017 жылы «билікті сыаған тәуелсіз журналистерге шабуыл жасау және саяси астары бар іс қозғап, қудалау» оқиғалары болғанын айтады. Ұйым бұған мысалға тәуелсіз «Саяси қалам. Трибуна» газетінің редакторы Жанболат Мамайдың сотпен қудаланғанын және «Журналистер қауіп-қатерде» қорының төрағасы Рамазан Есіргеповке әлдекімдердің пышақ салғанын келтіреді.
ВИДЕО: Жанболат Мамайдың ісі (07.09.2017)
Your browser doesn’t support HTML5
Amnesty International есебінде 2017 жылы Орталық Азияда азаматтық қоғам кеңістігі тарылып, адам құқықтарына қарсы дискурс бәсеңдемегін мәлімдеді.
Аймақ елдірінің үкіметтері құқық қорғаушылар, белсенділер, БАҚ пен саяси оппозицияны жиі қырына алған. Ассоциация және бейбіт жиын өткізу еркіндігі құқығы мен ой-пікірін еркін білдіру құқығы аяққа тапталған.
«Қоғамда қарсылық көрсету әрекеттері шектеу мен полицияның шектен тыс күш қолдануына тап болады. Орталық Азия елдерінің биліктері терроризммен күресті одан ары күшейтіп, «қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін» азаматтардың құқығын шектеп отыр дейді ұйым есебінде.