Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитеті "тұтқыннан қашқаннан" кейін ұсталған бизнесмен Мұратхан Тоқмәдидің Жамбыл облыстық ішкі істер департаменті тергеу абақтысына қамалғаны туралы хабарлады. ҰҚК мәліметінше, "қашу әрекетінің жай-жапсары мен себебін анықтау үшін тексеру шаралары жүргізіліп жатыр". Ресми ақпаратта Тоқмәдидің сот кезінде денсаулық жағдайына шағым айтқаннан кейін уақытша жатқызылған Тараздағы облыстық ауруханадан наурыздың 8-і күні жергілікті уақыт бойынша сағат 19:20 кезінде қашып кеткені айтылған. ҰҚК "қашуға әрекет" еткен Тоқмәдидің "жедел шаралар барысында Таразда қолға түскенін" хабарлағанымен дәл қашан ұсталғанын көрсетпеген.
Оқи отырыңыз: Тоқмәдидің "қашып кеткені" жайлы сыбыс тарады
Жұма күні таңертең қазақстандық басылымдар ақпан айынан бері Жамбыл облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында 2004 жылы қазақстандық "ТұранӘлем банктің" басшысы Ержан Тәтішевті "тапсырыс бойынша өлтірген" деген айып бойынша ісі қаралып жатқан 51 жастағы кәсіпкер Мұратхан Тоқмәдидің бейсенбінің кешінде Тараздағы ауруханадан "күзет астынан қашып" кеткеннен кейін бірнеше сағаттан кейін ұсталғаны туралы хабарлаған.
Наурыздың 8-і күні кешке әлеуметтік желілерде маңайы қоршауға алынған Тараздағы облыстық ауруханада "тергеу амалдары жүргізіліп", полиция қаладан шыққан барлық көліктерді тексеріп жатқаны туралы ақпарат пайда болған. Мессенджерлерде Тоқмәдиге іздеу салынатыны туралы "полиция таратты" деп сипатталған бірнеше бағыттама нұсқалары тараған. Алайда Қазақстан ішкі істер министрлігі бейсенбі күні Тоқмәдиге қатысты сыбыстарды я растамады, я терістемеді.
Күш құрылымдары "Казстройстекло" зауытының иесі Мұратхан Тоқмәдиді "бизнес-әріптесінен ақша бопсалаған" деген айыппен былтыр Алматыда тұтқындаған. Кейін ол "бопсалау" және "заңсыз қару сақтау" қылмыстарына айыпты деп танылып, үш жылға сотталған. Туыстары бизнесменге қысым жасалғаны туралы мәлімдеген.
2017 жылғы қазанның 24-інде республикалық телеарнадан көрсетілген "Звали его Мурка" фильмінде тұтқында отырған Тоқмәди 13 жыл бұрын "банкир Мұхтар Әблязовтің тапсырысы бойынша Ержан Тәтішевті өлтіргенін" айтқан. Тәтішевтің қазасына байланысты Тоқмәди 2007 жылы да жауапқа тартылған кезде сот банкирдің өлімін "аң аулап жүргенде болған жазатайым жағдай" деп таныған еді.
Тәтішевтің қазасынан кейін банк басшылығына келген, ал 2009 жылы банкті мемлекет қарамағына алғаннан кейін шетелге кетіп қалған, өзін Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев саяси себеппен қуғындап жатыр деп санайтын оппозициялық тұлға, бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов өзіне тағылған айыппен келіспейді. Ол Тәтішевтің өліміне қатысты соңғы айыптауды "Ұлттық қауіпсіздік комитетінің тапсырысы" деп санайды.