Ресей Бас барлау басқармасының (ГРУ) бұрынғы офицері Сергей Скрипаль мен оның қызы Юлияның Ұлыбританияның Солсбери қаласында наурыздың 4-інде улануына байланысты, қалалық ауруханаға медициналық көмек сұрап 20-дан аса адам жүгінген. Олардың кейбірі тексеруге қан тапсырып, стационарлық ем алған. Бұл туралы Sky News телеарнасына Уилтшир графтығы полициясының басшысы Кир Притчард айтқан.
66 жастағы Сергей Скрипаль мен қызы, 33 жастағы Юлия Скрипаль қазір аурухананың жансақтау бөлімінде жатыр, дәрігерлер олардың әлі өзіне келмегендерін, жағдайлары өте қиын екенін айтады. Сонымен бірге оқиға орнына алғаш болып жеткен полиция сержанты Ник Бэйли де әлгіндей жағдайда жатыр. Кеше оның беті бері қарап, комадан шыққаны және сөйлеуге шамасы келгені туралы хабарланған.
Ұлыбритания полициясының терроризммен күрес бөлімі тергеушілері бұл оқиғаны адамды өлтіру мақсатында жасалған әрекет ретінде қарастырып отыр. Ағылшын сарапшылары Сергей Скрипаль мен қызы Юлияның жүйкені жансыздандыратын заттан уланғанын анықтаған. Ұлыбритания ішкі істер министрі Эмбер Радд қастандық жасағандар өте сирек кездесетін улы зат қолданғаны туралы хабарлаған. Ол ел аумағында жүйкені жансыздандыратын затты қолдануды"шектен шыққан арсыз әрекет" деп атаған "Бұл шабуыл асқан қатыгездікпен, көпшілік жерде жасалды" деп мәлімдеген Радд. Сонымен бірге түрлі спекуляцияға жол бермей, полицияға мұқият тергеу жүргізуге уақыт беруге шақырған министр қылмысты жасағандар "кім және қайда екендігіне қарамастан" британ билігі оларды тауып, жауапқа тарту үшін қолдан келгеннің бәрін жасайтын болады деп уәде еткен.
Оқи отырыңыз: Кремль жауларын құртуға пайдаланған улар
Наурыздың 4-і күні Солсберидегі сауда орталығында қызы Юлия мен екеуі ес-түссіз күйде табылып, ауруханаға жеткізілген Сергей Скрипальді 2006 жылы Ресей соты "Ұлыбритания тыңшысы" деп айыптап, 13 жылға түрмеге қамауға үкім еткен. 2010 жылы Мәскеу АҚШ-та ұсталған ресейлік он агентті Ресейде Батыс мүддесіне тыңшылық еткен деген айыппен сотталған төрт адамға алмастырған кезде солардың арасында Скрипаль да болған. Ол содан бері Ұлыбританияда тұрып жатқан.