АҚШ сенаторы, республикалық партия өкілі Джон Маккейн президент Дональд Трампты сайлаудағы жеңісімен құттықтағаны үшін сынады.
"Диктаторларды жалған сайлаудағы жеңісімен құттықтаған Америка президенті Еркін әлемді бастап жүре алмайды. Владимир Путинге деген дәл сондай ықыласымен президент Трамп еркін әрі әділ сайлау құқығынан айрылған әр ресейлік азаматты қорлады", - деп жазды Маккейн Twitter әлеуметтік желідегі парақшасына.
Сейсенбі күні ресейлік және америкалық басылымдар АҚШ президенті Дональд Трамптың Владимир Путинді Ресей президенті сайлауындағы жеңісімен құттықтағаны туралы хабарлаған.
Бұған дейін Ақ үй баспасөз хатшысының орынбасары Хоган Гидли "АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей президенті Владимир Путиннің сайлауда жеңгенінен хабардар" деп мәлімдеген.