Ақтөбеде Қырғызстан азаматтары мінген жолаушылар автобусына қарулы шабуыл жасалған. Облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, оқиға сәуірдің 6-сына қараған түнгі сағат бірге қарай Ақтөбе қаласының іргесіндегі Ақшат ауылына жақын жерде болған.
Полицияның мәліметінше, Ресей астанасынан шығып Қырғызстанға кетіп бара жатқан Mercedes-Benz маркалы шағын автобус жолда бұзылып, тоқтап тұрған кезде қарулы адамдар көлікке кіріп келген. Олар жүргізушісі сайман іздеп қалаға кеткен көлікте жалғыз отырған жолаушыны тонап, ақшасы мен алтын бұйымдарын алып кеткен. Қарудан атылған оқтан жараланған азамат жедел жәрдем көлігімен Ақтөбедегі ауруханаға жеткізілген.
ІІД баспасөз қызметі Ақтөбе полициясы қарақшылық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғап, қылмыскерлерді анықтау үшін тергеу тобы құрылғаны туралы хабарлайды.