Роскомнадзор 2018 жылдың соңына дейін Facebook-ті тексеріп, егер компания Ресей билігінің тлабын орындамаса, онда оны Ресей аумағында бұғаттауы мүмкін. Бұл туралы Роскомнадзор басшысы Александр Жаров "Известия" басылымына берген сұхбатында айтты.
Шенеунік компания 2018 жылдың соңына дейін "орындауы тиіс" талаптарды атаған. Олардың қатарында ресейлік азаматтардың мәіметтер базасын Ресей аумағында орналастыру, тыйым салынған ақпараттарды жою және "басқа да заңдарды сақтау" талабы бар.
Роскомнадзор басшысы егер бұл талаптардың қайсыбірі орындалмаса немесе Ресей билігіне бұл талаптарды орындау ниеті барын білдірмесе Ресей аумағында Facebook бұғатталатынын ескертті. Ол сонымен қатар компания өкілдерімен тұрақты кездесіп тұратынын және соңғы рет ақпанда кездескенінде ведомство талабын тағы да білдіргенін айтты.
Роскомнадзор басшысы Facebook-тің Ресей аумағында бұғатталуы мүмкін екенін алғаш рет былтыр қыркүйекте айтқан.
Жаров Telegram мессенджерінің бұғатталуына қатысты комментариінде ведомствоның "бүкіл интернетті бұғаттау жоспары жоғын" мәлімдеді.
16 сәуірде Ресейде сот шешімімен Telegram мессенджері және онымен байланысты Amazon и Google компанияларының IP адрестері бұғаттала бастаған. Осының салдарынан жүздеген онлайн сервистері, оның ішінде интернет дүкендер, курьерлік қызметтер, интернеттегі сақтау қызметі, онлайн ойындары, Microsoft компаниясының сервистері, Viber мессенджері мен ресейлік "Одноклассники" әлеуметтік желісі зардап шекті.
Роскомнадзор сонымен бірге тыйым салынған сайттарға кіру құралдарын да бұғаттайтынын мәлімдеген. Роскомнадзор Telegram Ресей Федералдық қауіпсіздік қызметіне ақпаратты шифрлау кілтін бермейінше бұғаттан шығарылмайтынын айтады.
Ресейлік 60-қа тарта компания Роскомнадзордың IP адрестерді жаппай бұғаттауына байланысты "Агора" құқық қорғау тобына құқықтық көмек сұрап жүгінді. Қазір зардап шеккен компаниялар келтірілген шығын көлемін есептеп жатыр.