Армениядағы наразылықтың жетекшісі, парламенттік "Елк" фракциясының лидері Никол Пашинянның Армения премьер-министрі қызметіне кандидатурасы ресми түрде бекітілді.
Жаңа премьер-министрді сайлау 1 мамырда Армения Ұлттық жиналысының (парламент) арнайы отырысында өтеді. Конституциялық реформалардан соң премьерді парламент бекітеді. Соңғы конституциялық өзгеріске сай, елдегі билік премьердің қолына өткен.
Премьер-министр болып сайлану үшін кандидат парламентте 53 депутаттың дауысын алу керек. Оппозициялық "Елк" фракциясында тоғыз ғана орын бар. Басым дауысқа билік басындағы Республика партиясы ие – 58 орын.
Жаппай наразылық акциясынан соң республикалықтар өз үміткерін премьерлікке ұсынбайтынын жариялаған. Өткен аптада Пашинян халық сенім білдірсе Армения премьері атануға дайын екендігін мәлімдеген.
Арменияда жаппай наразылық шерулері екі аптадан бері жалғасып жатыр. Оған он жыл ел басқарған президент Серж Саргсянның премьерлікке тағайындалуы себеп болды. Саргсян президенттіктен кеткенде билікке оралмайтынын айтқан. Армения халқы Саргсян премьер-министрлікке келу арқылы "билікті басып алды" деп айыптаған.
Арменияның көптеген қалаларындағы наразылық акцияларынан соң Саргсян отставкаға кеткен. Бірақ оппозиция жаңа парламент сайлауын өткізуді талап етіп, шеруді тоқтатқан жоқ.