Мамырдың 19-ы күні Алматы қаласы Алмалы аудандық сотының тергеу судьясы Марал Жарылғасымова "терроризмге шақыру" күдігіне ілінген азаматтық белсенділер – 51 жастағы Кенжебек Әбішев пен 43 жастағы Алмат Жұмағұловты Алматыдағы тергеу абақтысында қамауда ұстау мерзімін тағы бір айға – маусымның 28-іне дейін ұзартты. Судья Жарылғасымова өзі шығарған қаулыға қатысты үш тәулік ішінде апелляциялық шағым түсіруге болатынын түсіндірді.
Адвокаттарының өтінішіне қарамастан, күдіктілер Әбішев пен Жұмағұловты сот отырысына әкелген жоқ. Судья Жарылғасымова адвокаттарға "өтініштеріңізді орындауға қарсы емеспін, соттан тергеу абақтысына да, күзетке де жазбаша бұйрық жолданған" деп түсіндірді. Бірақ судьяның хабарлауынша, сот отырысынан бір күн бұрын – жұма күні тергеу абақтысы өкілдері "күдіктілерді сотқа апара алмаймыз" деп, ал сот отырысы өтетін сенбіде "тұтқындарды күзетпен апаратын жасақ келген жоқ" деп хабарлаған.
Кенжебек Әбішев пен Алмат Жұмағұловты қамау мерзімін ұзарту мәселесі жеке-жеке қаралды. Бірақ істерді судья Марал Жарылғасымова қарап, екеуіне бірдей шешім шығарды. Күдіктілердің екеуіне де қамау мерзімін ұзартуды сұраған прокурор Айдар Сыбағатов екі отырысқа да қатысты. Адвокаттар Гүлнәр Жуаспаева мен Жанар Балғабаева соттан клиенттерінің бұлтартпау шарасын тергеу абақтысында қамауда ұстаудан кез-келген өзге түріне ауыстыруды сұрады. Гүлнәр Жуаспаева судья Марал Жарылғасымованы клиенті Кенжебек Әбішевті қамау мерзімін ұзартуды ай сайын дерлік сұрайтын "тергеушінің жанындағы нотариус" болуды доғаруға шақырды.
Мамырдың 19-ы күні Әбішев пен Жұмағұловты қамауда ұстау мерзімін ұзартуға қатысты тергеу соттары іркес-тіркес өткендіктен, оларды қолдау үшін келген адамдар тобы да бірдей болды. Сот отырысында үзіліс жарияланып, судья Жарылғасымова кеңесу бөлмесіне кеткен кезде азаматтық белсенді зейнеткер Дариға Рақым алты айдан бері тергеу абақтысында отырған Кенжебек Әбішев пен Алмат Жұмағұловтың суреті басылған әрі қазақша және ағылшын тілінде "саяси тұтқындарды" босату талабы жазылған плакатты жайып көрсетті.
Кенжебек Әбішев пен Алмат Жұмағұловты 2017 жылғы қарашада полиция "терроризм актісін жасауға жария түрде шақыруды" тексеру деп атаған іс аясында ұстаған болатын. Былтыр қарашаның 28-і күні екеуін тұтқынға алғаннан бері оларды қамауда ұстау мерзімі бірнеше рет ұзартылған. Алмат Жұмағұлов Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевты сынап жүрген бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов басқаратын және биыл наурызда Астананың Есіл аудандық соты "экстремистік ұйым" деп танып, қызметіне тыйым салған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) оппозициялық қозғалысы ұнайтынын ашық айтады. Ал Кенжебек Әбішев "ҚДТ-да шаруам жоқ, оған еш қатысым жоқ" деп мәлімдейді.
Бір ай бұрын – сәуірдің 16-сы күні еуропалық құқық қорғаушылар – Польша Сеймінің депутаты Марчин Свенчицкий мен Италияның адам құқығы жөніндегі федерациясының президенті Антонио Станго Алматыдағы тергеу абақтысында отырған Кенжебек Әбішев пен Алмат Жұмағұловпен кездескен болатын. Ертеңінде, сәуірдің 17-сі күні Алматыда өткізген баспасөз жиынында олар "терроризмге шақырды" деген күдікке ілінген Кенжебек Әбішев пен Алмат Жұмағұловқа қатысты айыптардың қисындылығы мен тергеу соттарының тергеу органдарына тәуелсіз екеніне күмән келтірген.
Марчин Свенчицкий мен Антонио Станго мамырдың 15-сі күні Брюссельде өткізген баспасөз жиынында таныстырған Қазақстанға сапарлары туралы есебінде Әбішев пен Жұмағұловтың ісі туралы толығырақ етіп жазған.
"Құқық қорғау органы өкілдері Кенжебек Әбішев пен Алмат Жұмағұловтың істерін таныстырды, онда екеуін кінәлі ретінде көрсеткен, бұл кінәсіздік презумпциясы талабын бұзады" делінген Свенчицкий мен Стангоның есебінде.
Адвокаттар Гүлнәр Жуаспаева мен Жанар Балғабаева Азаттық тілшісіне судья Жарылғасымованың мамырдың 19-ы күні шығарған қаулысына қатысты міндетті түрде аппеляциялық шағым түсіретіндерін мәлімдеді.