Қырғызстанда ұсталған KAZ Minerals Bozymchak компаниясының бас директоры Ілияс Түлекеев босатылды деп хабарлады Қазақстан Сыртқы істер министрлігі (СІМ) Telegram каналында. Бұған дейін қырғызстандық басылымдар Ілияс Түлекеевтің Бішкек әуежайында ұсталғанын хабарлаған еді. Түлекеевтің ұсталғаны туралы ақпаратты KAZ Minerals компаниялар тобының корпоративтік байланыс департаменті растаған.
СІМ ақпаратына қарағанда, Түлекеев 25 мамыр күні Бішкек әуежайында Алматыға ұшайын деп тұрған жерінен ұсталған. 26 мамыр күні Қазақстанның Қырғызстандағы консулы бұл оқиғаға байланысты Қырғызстан Қаржы полициясы тергеу басқармасының өкілімен кездескен. Қырғызстан тарапы кездесуде Түлекеевтің салық төлеуден жалтару айыбы бойынша жауапқа тартылып жатқанын хабарлаған. Ал 27 мамыр күні Ілияс Түлекеев сот залында қамаудан босатылған.
KAZ Minerals компаниялар тобы баспасөз қызметінің хабарлауынша, Бішкектің Первомай аудандық соты Түлекеевті қамауға алу түрінде бұлтартпау шарасын қолданудан бас тартқан.
Министрлік Қазақстан елшілігі бұл іс шынайы және әділетті қаралуы үшін Қырғызстанның құқық қорғау органдарымен тұрақты байланыста болатынын айтады.
БАҚ ақпараты бойынша, Ілияс Түлекеев KAZ Minerals Bozymchak компаниясы құрылған күннен бастап оны басқарып келеді. 2007 жылы жұмысын бастаған "Казахмыс Голд Кыргызстан" компаниясының атауы 2015 жылғы қазанның 31-і күні KAZ Minerals Bozymchak болып өзгертілген. KAZ Minerals PLC тобына кіретін компания Қырғызстанның Жалал-Абад облысы Ала-Бука ауданындағы Бозымчак кен орнында геологиялық барлау жұмыстары және мыс-алтын өңдеумен айналысады. Компания сонымен бірге кен орнын пайдалануға қажетті өзге де лицензияларға ие.