Қазақстан сыртқы істер министрлігі (СІМ) бұған дейін Қытай билігі "көші-қон заңын бұзған" деген уәжбен ұстаған екі қазақстандықтың елге оралғаны туралы хабарлады. Қазақстан СІМ баспасөз хатшысы Әнуар Жайнақовтың Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында жарияланған видеода егде жастағы әйел мен орта жастағы ер адамның өздерінің оралуына жәрдемдескен Қазақстан билігіне алғыс айтқан сөздері жазылған.
"2 маусымда Қазақстанның Қытайдағы елшілігі мен Қытай қоғамдық қауіпсіздік министрлігі арасындағы уағдаластықтардың арқасында Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық аймағында дүниеге келген 90 жастағы этникалық қазақ Қазақстанға қайта оралды", - деп жазған бүгін Қазақстан СІМ баспасөз хатшысы Әнуар Жайнақов.
Қарт әже мен ұлы мамырдың 29-ы күні Бейжіңде "көші-қон заңнамасын бұзғаны" және "Қытай аумағында заңсыз болғаны" үшін ұсталған. Жайнақовтың жазуынша, 2017 жылы наурызда Қытайға барған 90 жастағы Райхан әже мен оның отбасы ол елде бір жылдан астам уақыт, яғни визада көрсетілген мерзімнен көп болған.
"Қазақстандықтарды ұстау себептері анықталғаннан кейін олардың Қазақстан мен Қытайдың қос азаматтығына ие екендері белгілі болды" деп жазған Жайнақов. Бірақ ақпаратта Қытайда қарт әжейдің отбасынан қанша адам ұсталғаны нақтыланбаған, тек екі қазақстандықтың елге оралғаны ғана айтылған.
Жайнақовтың сөзінше, Қытай билігі ұсталғандарды Қытай азаматтығынан айыру туралы құжатты рәсімдеген соң, айыппұл салмай және уақытша ұстау изоляторына қамамай Қазақстанға депортациялаған.
Өткен айда Қазақстан сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Қазақстан азаматтығын алғаннан кейін "Қытай азаматтығынан шығу заңдылығын бұзған болуы ықтимал" деген күдікпен Қытайда ұсталған этникалық қазақтар туралы журналистер сауалына берген жауабында: "Бізде дәл қазір 170-тей этникалық қазақ туралы мәлімет бар. Әрбір адам бойынша жұмыс істеп жатырмыз" деп айтқан.