Қазақстан Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда келесі президенті сайлауында президент Нұрсұлтан Назарбаев сайлауға түспеген жағдайда басқа қандай кандидат түсуі мүмкін деген сауалға жауап бермеді деп хабарлайды Азаттық тілшісі. Астанада сенат отырысынан соң журналистер сауалдарына жауап берген Тоқаев BBC телеарнасының Hard Talk бағдарламасына берген сұхбатына түсінік берді. Азаттық тілшісі Тоқаев кетуге ыңғайланғанда "Өзіңіз сайлауға түсесіз бе?" деп сұрады. Бірақ ол жымиып, сұраққа жауап берместен кетіп қалды. Тоқаев ықтимал кандидат туралы сұрақтың сұхбатқа қатысы жоғын айтты.
Your browser doesn’t support HTML5
Төраға "Қазақстанда қазір оны (Назарбаевты - ред.) алмастыра алатын лайықты адам бар ма? деген сауалға "Бұл менің сұрағым емес. Бұл мүлдем басқа сұрақ. Мен өз сөзіме жауап беремін. Мен Қазақстанда халықаралық аренада беделі жоғары елбасы барын айттым. Оны халықтың түгелге дерлігі қолдайды. Сондықтан меніңше, сұхбатта айтылғандардан драма жасаудың қажеті жоқ. Ол (сұхбат - ред.) өте қызықты, әрі ауыр болды. Hard Talk-қа сұхбат беру оңай емесін білесіздер. Дегенмен, бізге ол жерге шығып, Батысқа елде демократияны дамыту үшін, елдің экономикалық әлеуетін көтеру үшін не істеліп жатқанын айту керек болды. Осы тұрғыдан алғанда сұхбат пайдалы болды" деді Тоқаев.
Оқи отырыңыз: "Назарбаев 2020 жылы сайлауға түседі деп ойламаймын"
Қасым-Жомарт Тоқаев сұхбатында "Назарбаевтың билікте ұзақ отыруы - тұрақтылықтың белгісі. 2020 жылға дейін билікте болады. Кейін сайлауға түсем десе, өзі шешім қабылдайды" деген.
Your browser doesn’t support HTML5
Биыл 78 жасқа толатын Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев 1989 жылдан бері елді басқарып келеді. Ертең, 22 маусым күні оның билікке келгеніне 29 жыл толды.