Санкт-Петербург қалалық соты "Сеть" тобы ісі бойынша айыпталған Қазақстан азаматы Виктор Филинковтің өзін азаптағаны туралы қылмыстық іс қозғаудан бас тартуға қарсы шағымын қанағаттандырмады. Бұл жайында "ОВД-Инфо" порталына сілтеме жасаған Азаттықтың Орыс редакциясы хабарлады.
Сот шағымды алты сағат қарады. Филинков сотқа видео байланыс арқылы қатысты. Ол журналистерге өзін айыптау "Сеть" ісі бойынша өзге айыптылардың берген жауабына құрылғанын айтып үлгерді. Филинков сонымен қатар тергеу абақтысында осы іс бойынша өзге айыпталушы Юлия Бояршиноваға қысым жасалып жатқанын айтты. Оның сөзінше, Бояршинов отырған камерада адам шектен тыс көп.
Қазақстандық бұған қоса кейбір аурулары қозып, өршігенін, бірақ абақтыда дәрі-дәрмек бермейтінін айтты.
2017 жылы күзде Пензада фашизмге қарсы алты адам, 2018 жылдың басында Санкт-Петербургте тағы екі адам қамалған. Олардың арасында Қазақстан азаматы, Петропавлда туған 24 жастағы Виктор Филинков та бар. Оған Ресей Қылмыстық кодексінің 205.4-бабы 2-бөлімі - “террорлық қауымдастыққа қатысу” бабы бойынша айып тағылып отыр.
Тергеу болжамынша, белсенділер "терроризмді насихаттап, қолдауды" мақсат еткен әлдебір топ құрған. "Сеть" ісі бойынша айыпталған Виктор Филинков пен өзге белсенділер тергеу кезінде өздерін қинап, қысым жасағанын мәлімдеген. Ресей билігі бұл айыпты жоққа шығарады.