Қазақстан Конституциялық кеңесі "қауіпсіздік кеңесі туралы" заң мен осы кеңестің қызметі туралы кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер енгізетін заңды конституцияға сәйкес келеді деп таныды. Бұл туралы бүгін Конституциялық кеңестің ресми сайтында хабарланды.
Бұдан алдын, 19 маусым күні президент Нұрсұлтан Назарбаев Конституциялық кеңес төрағасы Қайрат Мәмиді қабылдап, елдегі заңдардың "Конституция ережелеріне және нормаларына толық сәйкес келуге тиіс" екендігін айтқан.
Мамырдың 31-і күні сенат президент Нұрсұлтан Назарбаевқа Қауіпсіздік кеңесін өмір бойы басқару құқығын беретін заң жобасын мақұлдаған. Құжат мұның алдында мәжілістің мақұлдауынан өткен.
Оқи отырыңыз: Назарбаев Қауіпсіздік кеңесін мәңгі басқармақ
Парламентте заң жобасын депутаттарға таныстырған әділет министрі Марат Бекетаев бұл заңның “Қазақстан Қауіпсіздік кеңесін елдің ұлттық қауіпсіздік пен қорғаныс қабілетін қамтамасыз етуші орган ретінде тануға” мүмкіндік беретінін айтқан.
Аталған заң жобасы бойынша Қауіпсіздік кеңесі төрағасына қауіпсіздік кеңесін басқару, отырыстары мен жедел жиналыстарын шақыру, Қауіпсіздік кеңес туралы жағдайды бекіту, сонымен бірге заңнамада қарастырылатын өзге өкілеттерді жүзеге асыру құқығы берілмек.