АҚШ Мәскеудің Украинадан Қырым түбегін аннексиялап алғанын мойындамайды және түбек Украинаға қайтарылмайынша Ресейге салған санкциясын жоймайды деп мәлімдеді 2 шілде күні Ақ үйдің баспасөз хатшысы Сара Сандерс.
"Біз бұл мәселеде Ресеймен келіспеуге бекідік" деді Сандерс.
АҚШ президенті Дональд Трамп өткен аптада "Вашингтон Ресейдің Қырымды аннексиялап алғанына көне ме?" деген сауалға "Оны көре жатармыз" деп жауап берген соң Ақ үй әкімшілігі өкілдеріне "АҚШ-тың Ресейдің Қырымды аннексиялап алуына қатысты ұстанымы өзгеріп қалуы мүмкін бе?" деген сұрақтар қойыла бастаған.
Сандерс 16 шілдеде Хельсинкиде өтетін Дональд Трамп пен Ресей президенті Владимир Путиннің кездесуінде Қырым мәселесі талқыланатыны туралы ешнәрсе айтпады.
Ақ үйдің ұлттық қауіпсіздік бойынша кеңесшісі Джон Болтон да телеарнаға берген сұхбатында саммитте Қырым мәселесі талқылануы мүмкін бе деген сауалға "Көрерміз" деп қана жауап берген.