Алматының Алмалы аудандық соты шілденің 7-і күні белсенді Әсет Әбішевті екі айға қамауға алу туралы шешім шығарды. Бұл туралы оның адвокаты Гүлайым Сыдықоваға сілтеме жасап, құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина Facebook әлеуметтік желісіндегі парағында жазған. Алматы полициясы Әсет Әбішевті жұма күні кешкісін көшеден ұстап әкеткен болатын.
Адвокат Гүлайым Сыдықованың хабарлауынша, Алматы қалалық ішкі істер департаменті тергеушісі А.Сағатбеков Әсет Әбішевтің үстінен қылмыстық кодекстің 405-бабы (тыйым салынған ұйым қызметіне қатысу) және 266-бабы (қылмыстық топ әрекетін қаржыландыру) бойынша іс қозғалғандықтан оны тергеу кезеңінде екі айға қамауға алуды соттан сұраған. Прокуратура өкілі тергеушінің ұсынысын қолдаған. Адвокат соттан Әбішевті кепілге босатуды өтінген.
"Тергеу судьясы А.А.Әбдухалықова бұлтарпау шарасы ретінде Ә.Әбішевті екі айға қамауға алу туралы шешім шығарды", - деп хабарлады Сыдықова.
Әсет Әбішевті шілденің 5-і күні Алматыда кәсіпкер Ескендір Ерімбетовтің ісі бойынша өтіп жатқан сот процесінен қайтып бара жатқан кезде полиция ұстап, қалалық ішкі істер департаментіне жеткізген. Алматы полициясы белсенді Әсет Әбішевтің не үшін ұсталғаны туралы Азаттықтың қойған сұрағына жауап бермеді.
Әбішевтің жақтастары билік белсендіні Астана соты биыл наурызда "экстремистік ұйым" деп танып, қызметіне тыйым салған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысын қолдағаны үшін қудалап отыр деп санайды.