Түркия Қырғызстанға "Сапат" лицейіне балама оқу үлгісін ұсынбақ деп мәлімдеді Түркияның Қырғызстандағы елшісі Женгиз Камил Фырат.
"Біз Қырғызстан билігіне "Себат" лицейіне қатысты талаптарымызды қойғанбыз. Қазір ол "Сапат" болып өзгерген. Біз қазір білім беру саласында өзіміздің "Маариф" қоры жөнінде ұсыныс жасадық. Жауап күтіп отырмыз. Бұл қордың қамқоршысы - Түркияның білім министрлігі, яғни, ол - мемлекеттік қор. Біз Қырғызстанға осы қор аясында мектеп ашуды ұсынып жатырмыз. Қыркүйек айында біздің президент Бішкекке келеді. Сол кезде осы мәселелер талқылануы мүмкін", - деді Фырат.
Түркия елшісі "Маариф" қоры ұстаздарға өте жоғары айлық ұсынатынын әрі білім ақысы "Сапат" лицейіне қарағанда әлдеқайда арзан болатынын айтады.
2016 жылы Түркия билігі елде мемлекеттік төңкеріс жасау әрекетінен соң Қырғызстанда "гүленшілердің" ықпалы күшті деп, олар қаржыландыратын білім ордаларын жабуға шақырған. Бірақ Қырғызстанның сол кездегі президенті Алмазбек Атамбаев Анкара өтінішін орындаудан бас тартқан. Экс-президент "Түрік билігі ішкі саясатымызға араласып отыр" деп, Түркияның өзін сынаған еді.
Түркия билігі өңкеріс жасау әрекетіне АҚШ-та тұратын дін қайраткері Фетхулла Гүленді айыптаған.
Қырғызстанда қазір Фетхуллах Гүленнің ізбасарлары негізін қалады делінген білім беру, мәдени және қайырымдылық орталықтары жұмыс істейді. Олардың ең ірісі – "Себат" халықаралық білім мекемесінің желісі 2017 жылы "Сапат" болып тіркеуден қайта өткен.