Ресей қорғаныс министрлігі өкілдері АҚШ-қа сириялық босқындардың біртіндеп еліне оралуын ұйымдастыру жұмыстарын бірге бастау туралы ұсыныс жбергені туралы хабарлады. Қорғанысты басқару ұлттық орталығының бастығы генерал-полковник Михаил Мизинцевтің мәлімдеуінше, мұндай ұсыныс АҚШ пен Ресей президенттерінің шілденің 16-сы күні Хельсинки кездесуіндегі уағдаластығына байланысты жолданған.
Ресей қорғаныс министрлігі өкілдерінің сөзінше, әңгіме қазіргі кезде Иордания, Ливан, Түркия мен Еуропа елдерінде тұрып жатқан босқындарды қайтарудың бірлескен жоспарын әзірлеу туралы болып отыр.
Сириялық босқындар мен олардың еліне оралуына жәрдемдесу тақырыбы Хельсинкидегі саммитте талқыланғаны туралы оның қорытындысы бойынша өткен баспасөз мәслихатында Путин де, Трамп та мәлімдеген, алайда олар қандай да бір нақты келісім болғаны туралы айтқан жоқ еді.
Қос президент екі сағат бойы бір-бірімен бетпе-бет оңаша сөйлескен. Жұма күні АҚШ Мемлекеттік хатшысы Майк Помпео саммите босқындардың оралуы жайлы мәселе талқыланғанын растады. Ол АҚШ бұған жәрдемдесуге әзір, бірақ нақты қалай екенін айтуға әлі ерте деп жауап берген. Ресей қорғаныс министрлігінің ұсынысына қатысты Вашингтон әзірше комментарий берген жоқ.
Осыдан үш ай бұрын Сирияның Дума қаласында ықтимал химиялық шабуыл жасалғаны туралы хабардан кейін президент Трамп Сириядағы үкіметтің әскери нысандарына әуеден соққы беруді бұйырған. Трамп ол жолы Сирия президенті Башар Асадты "айуанға" теңеген. Көп уақытқа дейін АҚШ Башар Асадтың іс-әрекеті кесірінен көп адам Сирияны тастап шығуға мәжбүр болды деп, оны айыптап келген. Вашингтон сириялық қарулы оппозицияның жекелеген топтарына жәрдем де берген.
Сонымен бірге Сирия территориясының көп бөлігі, соның ішінде Ресейдің қолдауына сүйенген үкімет әскерінің операциялары нәтижесінде Асадтың бақылауына өткен. АҚШ осы аудандарға да босқындардың оралуына болыса ма, жоқ па – ол жағы әзірше белгісіз.
Сирияда азамат соғысы басталған 2011 жылдан бері миллиондаған босқын елден кетуге мәжбүр болған. Олардың көбі көрші елдерді уақытша паналаған. АҚШ-та билікке Дональд Трамп келгеннен кейін Сириядан босқын қабылдауға мораторий енгізген. Трамп босқындарды Сирияға қайтару қажеттігі туралы бірнеше рет мәлімдеген.