Азаттықтың Қырғыз қызметінің тілшісі Уланбек Егізбаев қазаға ұшырады. 28 жастағы журналисті бүгін түстен кейін Ыстықкөл жағажайында суға батып бара жатқанын байқап қалған адамдар жағаға шығарған. Чолпон-Атадағы ауруханаға ес-түссіз халде жеткізілген жігіт біраз уақыттан соң сонда қайтыс болған. Ішкі істер министрлігінің жедел-тергеу тобы оқиға болған жерде тексеру жүргізіп жатыр деп хабарлады Азаттықтың Қырғыз қызметі.
Уланбек Егізбаев 2016 жылы "Арман" ("Мечта") ролигі үшін Webby Awards сыйлығын иеленген. Нью-Йорк қаласына жүлдені алуға роликегі кейіпкер Нұрғазы екеуі бірге барған.
Журналистік жұмыстары үшін Уланбек Егізбаев Қырғызстанның Құрмет грамотасымен, ТМД парламентаралық ассамблеясының наградасымен марапатталған. Осыдан тура бір ай бұрын Уланбек Егізбаев "Алтын қалам" сыйлығымен марапатталған еді.
Уланбек Егізбаев Қырғызстандағы мемлекеттік шенеуніктер арасындағы жемқорлық оқиғаларын зерттеумен де айналысты, оның материалдары Азаттықтың "Ыңғайсыз сұрақтар" бағдарламасында талқыланды. Журналист әзірлеген арнайы репортаждар Қырғызстан қоғамында талқылауларға ұласқан.
Соңғы кездері Уланбек Егізбаев Қырғызстан астанасы төңірегіндегі элиталық аудандардағы заңсыз жер сату және Бішкек зиратында жерлеу үшін сатылатын жер туралы зерттеулер жүргізген еді. Оған әлдекімдер телефон шалып, хат жолдап қоқан-лоқы жасаған.
Журналистік қызметімен қатар Уланбек қоғамдық қызметпен де айналысты. Ол әділетсіздік, заңсыздыққа қарсы өз позициясын табанды түрде ашық білдіретін.