Шымкентте Төле би көшесінің бойында орналасқан Орталық Қырғы базарында 30 шақты саудагер сауда орындары мен дүңгіршектерін бұзуға наразылық танытып тұр деп хабарлайды Азаттық тілшісі.
Сатушылардың айтуынша, шілденің 28-і күні сот орындаушылары өздерін сауда орындары мен дүңгіршектерін бұзу туралы сот шешімімен таныстырған. Олар Түркістан облыстық соты 27 шілде күні 34 дүңгіршекті бұзу туралы шешім шығарғанын айтады. Сот дүңгіршектерді "заңсыз салынған" деп тапқан. Ал дүңгіршектер орналасқан жердің өзін мемлекетке қайтару туралы сот шешімі 2015 жылы шыққан.
Сот орындаушылары саудагерлерден орындарын екі күн ішінде босатуды талап етіп отыр. Кешеден бері сауда орындарын қорып жүрген саудагерлер кеше түнде дүңгіршектерде түнеп шықты.
Саудагер Алтынай Нарымбетова Азаттыққа екі күнде басқа жақтан орын тауып, дүңгіршектерін босата алмайтындарын айтады. Олар билік орындары өздеріне екі ай уақыт берсе, сатушылар базардан өз еркімен кетуге дайын екенін жеткізді. Прокурорлар саудагерлерге базардың ішінен орын тауып беруді ұсынғанымен, сатушылар базарға көшуден бас тартып отыр.
Саудагерлер базарды қоршап тұрған полицейлер мен сот орындаушылары және прокурорлардан өздеріне екі ай мұрсат беруді талап етіп тұр.
Базар алдын полиция қызметкерлері қоршап, ішке ешкімді өткізбей тұр. Оқиға орнына дүңгіршектерді сүруге арнайы техника, өрт сөндіру техникалары мен жедел жәрдем көлігі әкелінген.