БҰҰ-ның адам құқығы комитеті Қытайдың шамамен миллион ұйғырды “экстремизммен күрес орталықтарында” ұстап отырғанын мәлімдеді. Комитеттің дерегінше, бұдан бөлек тағы миллион азамат тәрбиелеу лагерьлерінде қамауда отыр.
Ұйымның нәсілдік дискриминацияны жою комитетінің мүшесі Гэй Мадуггал Пекиннің “Ұйғыр автономия ауданын жаппай ішкі лагерьлер алаңына айналдырып жібергені” жайлы ақпаратқа алаңдап отырғанын жеткізді.
10 тамыз күні Қытай мәселесіне арналған БҰҰ отырысында ол Шыңжаң Ұйғыр автономиялық аймағында ұсталған ұйғыр мен мұсылман азшылықтарының көбіне ешқашан да қылмыс бойынша айып тағылмағаны немесе сотқа тартылмағанын айтты.
“Бізге жеткен көп және сенімді ақпарат бойынша, діни экстремизммен күресеміз және қоғамдық тұрақтылықты сақтаймыз деген желеумен Қытай Ұйғыр автономиялық ауданын жаппай ішкі лагерлер алаңына айналдырып жіберген, "құқығың жоқ" зонасы іспеттес, мұндай лагерьлер жайлы ақпарат құпия сақталады. Біз бұған қатты алаңдап отырмыз” деді ол.
Қытай тарабы бұған әзірге, жауап бермеді.
Бұл мәселелер дүйсенбі күні Женевада болатын сессияда көтеріледі деп жоспарланып отыр. Пекин бұған дейін мұндай лагерьлердің барын жоққа шығарған.