Тәжікстан билігі 20 тамыздан бастап SIM-карталар бағасын 250 сомониге (26 $) дейін қымбаттатпақ. Бұл - қазіргі бағадан 50 есеге қымбат.
Тәжікстандағы үш ірі ұялы байланыс операторлары бұл ақпаратты растады. Ал Тәжікстан Ішкі істер министрлігі (ІІМ) бұл шешімді 29 шілдеде Даңғара ауданында шетелдік туристерге жасалған шабуылдан кейінгі қауіпсіздік шараларын күшейту деп түсіндіреді.
Ұяля байланыстағы қауіпсіздік мәселесі байланыс қызметі мен құқық қорғау органдары және мобильді операторлар өкілдері арасында талқыланған. Кеңеске қатысушылардың бірі бастапқыда SIM-карталарды 1000 сомониге (104 $) дейін қымбаттатау ұсынылғанын айтады.
"Кейбір қолданушылар нөмірлерін ауыстырғанды жақсы көреді, ал SIM-карталардың құнының жоғары болуы мұның алдын алады. Одан бөлек, SIM-карталар кездейсоқ адамдарға сатыла бермейтін болады", – деп хабарлады өз дереккөзіне сілтеме жасаған Asia-Plus ақпарат агенттігі.
Мобильді операторлар өкілінің бірі Азаттықтың тәжік редакциясына (Озоди радиосы) кейбір қолданушылар ресейлік немесе қырғызстандық SIM-карталарын сатып алып, роуминг қосып алатынын және ол әлдеқайда арзанға түсетінін айтады. Қырғызстанмен шекаралас аймақтар бұл тәсілді бұрыннан қолданып жүр.
Тәжікстанда 9 миллион тұрғынның 4,1 миллионы ұялы байланыс қызметін белсенді пайдаланады. Қазіргі уақытта елде "Бабилон", "Тселл", "Мегафон" және "Билайн" секілді мобильді компаниялар жұмыс істейді.
29 шілдеде Хатлон облысының Даңғара қаласында жеңіл көлік велосипедпен саяхаттап жүрген шетелдік туристерді қағып кеткен.
Тәжікстан ІІМ мәліметі бойынша, көліктен бірнеше адам шығып, туристерге қарсы қарумен және пышақпен шабуылдаған. Екі америкалық және Голландия мен Швейцария азаматы қаза тапқан. Бірнеше шетелдік ауыр жараланып, ауруханаға жеткізілген.
Бұл оқиғаны "Ислам мемлекеті" экстремистік ұйымы мойнына алды.