Алматының орталығында флешмоб өткізген Feminita ұйымының белсендісі Жанар Секербаеваны сотқа тартты.
Алматының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотында 16 тамыз күні түске дейін өткен сот процесіне Жанар Секербаева адвокаты Айман Омаровамен қатысты. Жанар Секербаеваны кеше кешке полиция ұстап, сотқа шақырту қағазын тапсырып, босатқан.
Судья Ақмарал Исабаева сот басталғанда Секербаевадан 9 тамыз күні Арбатта не үшін болғанын, қолына қандай плакат ұстағанын анықтап сұрай бастаған. Адвокат Омарова судьяның сотталушыны бұлай тергеуге құқығы жоғын айтып, Секербаеваға судьяның сұрақтарына жауап бермеуге хақы барын айтқан. Судья сол сәтте адвокаттың қорғауындағы адамға "нұсқау бермеуін" сұрады. Адвокат Секербаеваға тек кеңес бергенін айтып, судьяға қарсылық білдірді. Судья қарсылықты ауызша емес, жазбаша түрде өткізуді сұрады. Бірақ Омарова асығыс екенін, Астанаға басқа сотқа баруы керегін айтып, қарсылықты электронды түрде жолдайтынын мәлімдеді де, кетіп қалды.
Сотқа дейінАзаттық тілшісінің сауалдарына жауап берген Айман Омарова сот Секербаеваны әкімшілік кодекстің 434-бабы 1-тармағы ("Ұсақ бұзақылық") бойынша жауапқа тартпақ екенін айтты. Бұл бап бойынша бес айлық есептік көрсеткіш (АЕК, шамамен 12020 теңге) көлемінде айыппұл салынады немесе 10 тәулік әкімшілік қамауға алынады.
Айман Омарова сотқа шақырту қағазында Қылмыстық кодекс деп жазылғанын айтып, мұны белсендіні қорқыту деп қабылдайтынын мәлімдеді. Адвокат осыған байланысты полиция инспекторы үстінен қызмет бабын асыра пайдаланды және іс материалын бұрмалады деп арызданатынын жеткізді.
Адвокат Омарова Жанар Секербаеваның Арбатта өткізген іс-әрекетінде әкімшілік құқық бұзушылық құрамы жоқ деп санайтынын айтты.
Тамыздың 9-ы күні Жанар Секербаева мен Feminita ұйымының тағы екі белсендісі Арбатта плакат ұстап шығып, флешмоб өткізген.
Жанар Секербаева 15 тамызда Қазақстандағы жыныстық азшылық өкілдерінің мұқтаждықтары жайында есебін таныстырмақ болған.