Ақтауда бұрынғы банкир Мұхтар Әблязовтың Қазақстанда тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысын қолдады, әлеуметтік, рулық алауыздық қоздырып, билікті күштеп құлатпақ болды деп айыпталған Абловас Жұмаевтың соты жалғасты.
Тelegram чатындағы жазбалары үшін айыпталып отырған Абловас Жұмаевтың соты тамыздың 16-сы күні сағат 11-де басталып, кешке дейін созылды. Бұған дейін, тамыздың 14-і күнгі сотта судья Аралбай Нағашыбаев "қарауылдардың уақыты болмай, Жұмаев сотқа жеткізілмегендіктен" процесті кейінге қалдырған еді.
Абловас Жұмаев сотта өзін "14 тамыз күні таңертең сағат 9-да сот ғимаратына әкелгенін" айтты.
- Мені 9-да алып келді. Бір сағаттай отырдық, содан соң ештеңе айтпастан кері алып кетті, - деді ол.
Оның бұл мәлімдемесі адвокаттардың наразылығын тудырып, адвокат Жанар Сүндетқалиева судьядан алдыңғы сот процессінде не себепті Жұмаевты "келмеді" деп үзіліс жариялағанын түсіндіруді сұрады. Бұл сауалға ашуланған судья Аралбай Нағашыбаев кейін жауап беретінін айтты.
Сот процесі үстінде судья Аралбай Нағашыбаев "істі қалыпты жүргізу үшін" Қылмыстық кодекстің 26-бабымен ("Қылмыстық құқық бұзушылықтан өз еркiмен бас тарту") Азаттық тілшісіне фото және видео жасауға тыйым салды.
Судьяның бұл талабын прокурор қолдап, сотталушы мен оның адвокаттары қарсылық білдірді. Адвокаттардың сөзінше, судья келтірген 26-баптың журналистік қызметті шектеуге мүлде қатысы жоқ.
Бұдан соң прокурор Аманжол Айтуғанов айыптау актісін оқыды. Оның баяндауынша, Абловас Жұмаев 2017 жылдың қарашасында Іnstagram әлеуметтік желісін жүктеп, Мұхтар Әблязовтің жеке парақшасындағы оның "қасақана ұлттық, әлеуметтік, рулық, топтық алауыздық тудыратын" виедоларын қараған, Қазақстанға "ҚДТ" партиясын келтіру мақсатында, жария түрде шақырып отырған бағдарламасын көрген. Айыптау актісіне сай, ол Тelegram әлеуметтік желісіне "Samurai" атымен "ДВК активист" тобына тіркеліп, Наурыз мерекесіне байланысты митингке шығу керектігін және өзінің 50 адамды алып келетінін айтқан".
Сотқа куә ретінде Абловас Жұмаевтың әйелі Айгүл Ақбердиева мен Ақтау тұрғыны Жеңіс Бисенғазиев шақырылды.
Жұмаевтың әйелі сотта төрт баласы барын, ең кішісі екіге толмағанын, ол үшін небәрі 9 мың теңгеден сәл асатын жәрдемақы алатынын айтты.
- Әблязовтың әлеуметтік бағдарламасы көңілімнен шықты. Онда зейнетақыны, жалақыны, жәрдемақыны көтеру туралы айтылған. Сол үшін қолдадық, - деді Айгүл Ақбердиева.
Ол күйеуінің "момын, соңынан кісі ертетін адам еместігін", Тelegram қосымшасын жүктеген соң өздерін "ДВК активист" тобына біреулер қосқанын, бұл ұйым туралы сонда ғана білгенін баяндады.
Куәлер құқық қорғау органдары өздерін ұстап, жауап алған 6 наурыздан соң бұл чатқа мүлдем кірмегендерін, телефондарын тәркілеп алғанын айтты.
Куә ретінде сөйлеген Жеңіс Бисенғазиев Абловас Жұмаевты "мүлдем танымайтынын", оны тек өздерін жауап алуға Ішкі істер департаментіне әкелгенінде көргенін мәлімдеді.
Бұдан соң Адвокат Жанар Сүндетқалиева Жұмаевтың кінәсін нақты анықтау үшін кешенді сот-психикалық сараптамасын жүргізу туралы өтініш жасады. Оның сөзінше, сотқа дейінгі тергеуде Жұмаевтың құқығы бұзылған, оған сараптама тағайындалатыны туралы мүлде ескертпеген.
Судья адвокаттың өтінішін түсінбегенін айтып, прокурорға танысуға берді. Прокурор өтінішті қанағаттандырмауды сұрады.
Судья келесі сот отырысын 27 тамызға белгіледі.
Ақтау қаласының 44 жастағы тұрғыны Абловас Жұмаев 2018 жылғы мамырдың 11-інде сот шешімімен қамауға алынған. ҚДТ қозғалысына қатысы бар деген күдікке Абловас Жұмаевтан өзге 38 жастағы зайыбы Айгүл Ақбердиева мен Ақтау тұрғыны Жеңіс Бисенғазиев те ілінген. Оларға Қылмыстық кодекстің 179-бабының 1-тармағы бойынша (билікті басып алуға шақыру - ред.) қылмыстық іс маусымның 26-сында қозғалған.
Наурыздың 13-інде Астана соты Бас прокуратураның арызы бойынша Мұхтар Әблязов басқаратын ҚДТ қозғалысын "экстремистік ұйым" деп танып, қызметіне тыйым салған.