АҚШ-тың Орталық барлау басқармасының (ЦРУ) бұрынғы 12 қызметкері, оның ішінде алты экс-директоры АҚШ президенті Дональд Трамптың атына наразылық хатын жолдады. Олар Трамптың ЦРУ-дың бұрынғы басшысы Джон Бреннанды құпия ақпаратқа қол жеткізу құқығынан айыру туралы шешіміне қарсы. Хат авторлары Трамптың шешімін "ойланбаған және негізсіз" деп санайды.
Олар "президент шешімі қауіпсіздікке еш қатысы жоқ және сөз бостандығын шектеуге тырысу" екенін айтқан.
Усама бен Ладенге қарсы операцияны басқарған Уильям Макрейвен The Washington Post газетіне берген сұхбатында: "Трамп АҚШ-тың халықаралық беделіне нұқсан келтірді және америка қоғамына сызат түсірді" деген. Ол Бреннанды "өте адал адам" деп бағалаған.
Хатқа қол қойғандар қатарында отставкадағы генералдар Дэвид Петреус, Леон Панетта мен ұлттық барлау қызметінің бұрынғы директоры Джеймс Клаппер, ЦРУ-дың бұрынғы директорларының бес орынбасары да бар.
Джон Бреннанды құпия ақпараттардан шеттету шешімін Трамп сайлауға Ресейдің араласуын анықтау мақсатындағы тергеумен байланыстырған. Ол: "Бреннан АҚШ президентін өзге державамен сөз байласты деп айыптады, өзіне өзі қастандық істеді" деген. Бреннанды сенаттың барлау комитетінің басшысы Ричард Берр де айыптаған. Беррдің пікірінше, Бреннан Трамп пен Ресей арасында қатынас бар екенін білсе, "ЦРУ-дан кеткен соң емес, оны басқарып тұрғанда айтуы керек еді".
The Washington Post-тың дерегінше, АҚШ президенті тағы бірнеше бұрынғы барлаушыны құпия ақпаратты білуден шеттетпек. Олардың арасында Трамп қызметінен кетірген ФБР-дың бұрынғы директоры, соңғы президенттік сайлауға Ресейдің араласуы жөніндегі тергеу ісін басқарған Джеймс Коми де бар.