Донбасстағы жағдайды реттеуге арналған үшжақты байланыс тобы 29 тамыздан бастап мерзімсіз бітім орнатуға уағдаласты. Бұл жөнінде байланыс тобындағы Украина өкілінің баспасөз хатшысы Дарк Олифер хабарлады.
"Донецк және Луганск облыстары өкілдерінің қатысуымен өткен байланыс тобы оқу жылының басталуына орай, 29 тамыздан бастап мерзімсіз бітім орнататынын растайды. Тараптар Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының бітімді қадағалауына барлық жағдай жасауға міндеттеледі", – деп жазды Олифер Facebook-тегі парақшасына.
Олифер осының алдында 1 шілдеде жарияланған бітім кезінде сепаратистер тарабынан бір жарым мың рет оқ атылғанын мәлімдеді. Ол сонымен бірге, Минск келісімінде тыйым салынған қарулар – "Град" зымыран кешені, танктер, артиллерия мен минометтер қолданылғанын айтады.
Украина тарабының пікірінше, Ресейден қару-жарақ тасымалдауға тыйым салынбайынша, Донбасста бітімге келу мүмкін емес. Ресми Киев қару-жарақ әлі де тасымалданатынын айтады.
Кремль болса, бұл айыптардың бәрін теріске шығарып келеді.