Түркіменстанда Арал теңізін құтқару жөніндегі халықаралық қор құрушы елдер басшыларының кезекті саммиті өтті. Қазақстан президенті баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстан басшылары саммит аясында жеке және кеңейтілген құрамда кездесті.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың айтуынша, жиында Арал теңізін құтқаруға қатысты өзекті мәселелер, теңізді құтқару халықаралық қорының міндеттері, қор жұмысының тиімділігін арттыру және бірлескен іс-қимылды үйлестіру мәселелері талқыланды.
Биыл аталған қордың құрылғанына 25 жыл толғанын айтқан Назарбаев қор халықаралық деңгейде жұмыс істеп жатқанын, соның арқасында Арал аймағына халықаралық қауымдастық пен қаржы ұйымдары елеулі түрде көмек көрсетіп жатқанын келтірді.
Қазақстан президентінің мәлімдеуінше, трансшекаралық өзендер аймақ елдерінің ортақ игілігі саналады. Арал теңізінің солтүстік бөлігінің экологиялық жағдайы жақсарып келе жатқанын айтқан Қазақстан президенті қордың ұйымдастыру құрылымы мен құқықтық базасын жетілдіруді ұсынды. Назарбаевтың пікірінше, Арал теңізі бассейнінің су ресурстарын, әсіресе оның сапасын басқару және бақылау жүйесін автоматтандыру керек. Сонымен қатар, Орталық Азия (ОА) халықаралық су-энергетика консорциумын құру қажет.
Қазақстан президенті бұған қоса биыл 10-12 қазанда Астанада БҰҰ-ның трансшекаралық су көздері мен халықаралық көлдерді пайдалану және қорғау жөніндегі конвенциясын қолдайтын елдер кеңесінің сегізінші сессиясы өтетінін айтты.