Жексенбі күні Ауғанстан билігі ДАИШ ұйымының Ауғанстандағы бөлім басшысы Әбу Саад Ерхабидің ауған және шетелдік әскери коалиция Нангархар уәлаятында бірлесе ұйымдастырған арнайы операция кезінде оққа ұшқанын мәлімдеді.
Ұлттық барлау қызметіне сілтеме жасай отырып Reuters-тің хабарлауынша, сенбі түнде әуе күштері мен жаяу әскер қатысқан арнайы операция кезінде Ерхабиден бөлек және он ДАИШ содыры мерт болған.
Оқи отырыңыз: "Өзбекстан ислам қозғалысы" ДАИШ-Хорасан тобына қосылды
Экстремистер жасырынған екі мекен әшкере болып, олардың ауыр және жеңіл ұрыс қарулары жойылған. Радикал джихадшылардың "Ғамақ" (Amaq) ақпарат агенттігі бұл туралы хабар таратпады. Ауған әскерін жаттықтыратын НАТО күштері де мәлімдеме жасамады.
Нангархар уәлаятының билігі Ерхабидің 2017 жылғы шілде айынан бері Ауғанстанда көзі жойылған ДАИШ-тің төртінші жетекшісі екенін айтты. Радикалдар тобы Пәкістанмен шекаралас осы уәлаятқа бекініп алған. Бұл топты кейде ДАИШ-Хорасан деп те атайды. Джихадшылар 2015 жылдан бері Ауғанстан мен АҚШ әскеріне, Талибан содырларына шабуыл жасап келеді. ДАИШ-Хорасан содырларының жалпы санын анықтау қиын. АҚШ әскері екі мың шамасында деп болжайды.
Тамызда елдің солтүстік-батысындағы Түркіменстанмен шекаралас Джаузджан уәлаятында 150-ден астам ДАИШ содыры өз еркімен ауған әскеріне берілген еді.