Джакартада өтіп жатқан Азия ойындарында жарақаттанған қазақстандық дзюдошы Елдос Сметовтің қабырғасы сынбаған. Бұл туралы Азаттыққа Қазақстан дзюдо федерациясының баспасөз қызметі хабарлады.
"Дәрігерлер тексерді. Елдостың жағдайы бірқалыпты. Қабырғасы сынбаған. Қазір атлеттер қалашығында жатыр" деді федерация баспасөз хатшысы Әйгерім Тоқсанбек.
29 тамызда дзюдо жарысында Елдос Сметов солтүстік кореялық Ан Джаенгпен күресіп жатып, қабырғасын ауыртып алған. Белдесуден кейін спортшыны жедел жәрдем көлігімен Джакартадағы ауруханалардың біріне алып кеткен.
Елдос Сметов – 2014 жылы Инчхонда өткен Азия ойындарында 60 келіде алтын жүлдеге ие болған. 2015 жылы Астанада өткен әлем чемпионатында жеңіске жеткен. Рио олимпиадасының күміс жүлдегері.
Қазақстан дзюдо құрамасы биылғы Азия ойындарында екі алтын алуды жоспарлаған. Сметов Джакартадағы жарыста 60 келіде негізгі фавориттердің бірі болған.