Түркістан облысының Мақтарал ауданында Фердауси атындағы мектепте орамалын шешуден бас тартқан оқушы қыздарды қолдап, мектеп алдында наразылық білдірген сегіз ата-ана әкімшілік жауапқа тартылды. Бұл туралы Азаттыққа облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Департамент мәліметінше, Білім және ғылым министрлігінің мектеп формасын кию тәртібін сақтау жайлы бұйрығын оқушыларға және олардың ата-аналарына түсіндіру жұмысы жүргізілген. Бұл жұмыс барысында Фердауси ауылының сегіз тұрғынына әкімшілік шара қолданылған.
Төрт адамға әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің "билік өкілінің заңды өкіміне немесе талабына бағынбау" бабы бойынша, төрт азаматқа, "ұсақ бұзақылық" бабы бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылып, сот қаулысымен түрлі жаза кесілген.
Фердауси мектебінің директоры Жанар Мамырованың қыркүйектің 11-і күні Азаттыққа айтуынша, қазір орамал тартатын төрт оқушы қыз сабақққа келмей жүр. Олардың екеуінің ата-анасына облыстық білім саласындағы бақылау департаменті айыппұл салған.
“Жаңа оқу жылынан бастап әртүрлі себеппен 15 оқушы басқа мектептерге ауысты. Мектепте 10 психолог орамалын шешкен оқушы қыздармен жүмыс жүргізіп, орамалсыз жүруге бейімдеп жатыр" дейді директор.
Қыркүйектің 6-сы күні Фердауси ауылында мектепке орамалын шешіп баруда бас тартқан 13 оқушы қыздың ата-анасына бес айлық есептік көрсеткішке (бір айлық есептік көрсеткіш - 2405 теңге) тең айыппұл салынған.
Оқи отырыңыз: Фердауси мектебінде хиджаб дауы ушықты
Фердаусидегі орамал дауы білім және ғылым министрлігінің 2016 жылы қаңтарда шығарған бірыңғай мектеп формасы ережесі туралы №26 бұйрығынан кейін туындай бастаған. Құжатта мектепте қандай да бір дінді насихаттайтын киім киюге тыйым салынған. Билік бұйрықтың орындалуын талап етсе, ата-аналар дәстүрді алға тартып, қыздарының мектепке орамалсыз баруына қарсы шығады.
Министрлік бұйрығы былтыр күзде Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарында да кейбір мектеп әкімшілігі мен ата-ана арасындағы "орамал дауына" себепші болған. Аталған аймақтарда мектеп әкімшілігі сабаққа кіргізбей қойған ондаған оқушының ата-анасы сотқа арыз берген. Тұрғындар шағымын қараған соттар Білім және ғылым министрлігі мен мектептің ұстанымын қолдаған.