Қыркүйектің 14-і Алматыда Қытайдың Тарбағатай аймағы Сауан ауданынан көшіп келген бір топ қазақстандық бас қосып, Қытайда қамауда отырған туыстарына Қазақстан билігі мен БҰҰ-ның адам құқығын қорғау комитетінен араша сұрады.
Жиынды ұйымдастырушылардың бірі Әбілхайыр Төлеуханның айтуынша, 35 мыңға жуық қазақ мекендейтін Сауан ауданынан "саяси лагерьге" кеткен үш мың адамның аты-жөні анықталған. Жиынға қатысқандар Қытайда қамауда отыр деген туыстарының үлкейтілген суреттерін ұстап отырды.
Алматыда өткен жиынға туыстары "саяси лагерьге кеткен азаматтармен бірге қазақстандық қоғамдық белсенді Рысбек Сәрсенбаев пен кинорежиссер Еркін Рақышев те келді. Жиында сөйлеген Еркін Рақышев Дүниежүзі қазақтары қауымдастығын "Қытайдағы қазақтардың көріп жатқан қысымына қатысты арнайы мәлімдеме жасап, баспасөз жиыны өткізуі тиіс еді. Бірақ осы күнге дейін үнсіз отыр" деп айыптады.
Ал Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Алматы бюросының жетекшісі Айбөпе Мақұлбекова Азаттық тілшісіне "Қауымдастық Қытайдағы қазақтардың мәселесіне тікелей араласа алмайды. Бірақ тиісті органдарға ауызша және жазбаша түрде айтып, жазып жатыр. Бұл мәселеден толық хабардар" деді.
Қыркүйектің 12-сі күні Алматыда Қытайдың Тарбағатай аймағына қарасты Дөрбілжін ауданынан көшіп келген ондаған қазақ Қытайда "саяси үйрену орталықтарында" қамауда отыр деген туыстарын босатуға көмек сұраған.
Қытайда жергілікті қазақтардың қысым көріп жатқаны туралы 2017 жылдың сәуір айынан хабарлана бастаған. Былтыр Астанада өткен Дүниежүзі қазақтарының құрылтайы кезіндееуропалық қазақ Өмірхан Алтын бұл мәселені Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың алдында көтерген.
Оқи отырыңыз: Қытай мұсылмандарына қысым жасалғаны туралы жаңа дерек жарияланды
Биыл мамыр айында Қазақстан сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов "Қазақстан азаматтығын алғаннан кейін "Қытай азаматтығынан шығу заңдылығын бұзған болуы ықтимал" деген күдікпен Қытайда ұсталған этникалық қазақтар туралы журналистер сауалына жауап берді.
Министр жауабында: "Бізде дәл қазір 170-тей этникалық қазақ туралы мәлімет бар. Әрбір адам бойынша жұмыс істеп жатырмыз" деп айтқан. Бұдан бөлек, Қытайда қамауда болған бірнеше азаматтың босап шыққаны белгілі болған.
Оқи отырыңыз: Қытайға "кіріптар" Астананың "сақ" дипломатиясы
Қытайдағы этникалық азшылық өкілдерінің "саяси лагерьлерге" жаппай қамалуы жайлы халықаралық адам құқығын қорғау ұйымдары мен әлемдік баспасөз жазып келеді. Тамызда The Financial Times газеті Қытайдан Қазақстанға қашып өткен этникалық қазақ Сайрагүл Сауытбайдың хикаясынбаяндап, Шыңжаңдағы қуғын-сүргін туралы мақалаға жазған. Қытайдың Ұлыбританиядағы елшісі Лю Сяомин мақалаға жазған жауап хатында басылым дерегін "жұртты шатастыратын ақпарат" деп, Шыңжаңда этникалық топ өкілдерінің қудаланатынын терістеген.