Ақтауда Тelegram мессенджеріндегі хабарламалары үшін істі болған тұрғын Абловас Жұмаевқа 20 қыркүйекте сот үкім оқыды. Азаттық тілшісінің соттан хабарлауынша, судья Аралбай Нағашыбаев Абловас Жұмаевты "әлеуметтік алауыздық қоздырды" және "билікті басып алуға шақырды" деп айыптап, үш жылға бас еркіндігінен айыру жазасын кесті. Сот сонымен қатар Жұмаевтан сот сараптамасына кеткен 167 мың 117 теңге көлеміндегі шығынды өндіріп алу туралы қаулы шығарды.
Судьяның сөзінше, Жұмаев пен оның қорғаушылары сот үкімін қолға алған күннен бастап 15 күн ішінде оған апелляциялық шағым түсіре алады.
Аралбай Нағашыбаев сонымен қатар тергеу амалдарын жүргізген Маңғыстау облыстық ішкі істер департаментінің тергеушісі Айболат Қадиевке қатысты жаза қолдану туралы сот қаулысын шығарғанын, қаулының департаментке жолданғанын айтты. Абловас Жұмаев бұған дейінгі сотта тергеу кезінде өзіне қысым жасалғанын мәлімдеген еді.
Жұмаевтың адвокаты Максим Невеселов пен әйелі Айгүл Ақбердиева сот үкіміне шағымданатындарын мәлімдеді.
Қыркүйектің 18-і күні өткен соттың жарыссөзінде прокурор Жұмаевты үш жарым жылға соттауды сұраған. Ал Жұмаев соттағы соңғы сөзінде айыбын мойындамайтынын мәлімдеген.
Оқи отырыңыз: Абловас Жұмаев соңғы сөзінде айыпты мойындамады
Биылғы мамырдың 11-інен бері қамауда отырған 44 жастағы Абловас Жұмаевқа тергеру орындары Қазақстанда сот шешімімен "экстремистік ұйым" деп танылып, қызметіне тыйым салған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысының атынан Тelegram мессенджерінде ашылған чатта хабарламалар жазып, "әлеуметтік алауыздық қоздырды" және "билікті басып алуға шақырды" деген айыптар таққан. Жұмаевтан өзге күдікке оның 38 жастағы зайыбы Айгүл Ақбердиева мен Ақтау тұрғыны Жеңіс Бисенғазиев те ілінген. Оларға Қылмыстық кодекстің 179-бабының 1-2 тармағы бойынша ("билікті басып алуға шақыру") қылмыстық іс маусымның 26-сында қозғалған.