Алматыда Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық аймағынан (әрі қарай Шыңжаң - ред.) Қазақстанға көшіп келген қазақ отбасыларының өкілдері қыркүйектің 21-і баспасөз мәслихатын өткізіп, Қытайда қамауда отырған туыстарын босатуды сұрады.
Азаттық тілшісінің хабарлауынша, "Уют" қонақүйінде өткен жиынға Шыңжаң аймағының Іле Қазақ автономиялы облысына қарасты Нылқы ауданынан көшіп келген 30-ға тарта қазақ қатысты. Араларында Қазақстанның өзге облыстарында тұратын қазақтар да бар. Олар Қытайда туыстарының жазықсыз қамауда отырғанын айтып, Қазақстан билігінен оларды босатуға көмектесуін сұрады. Айтуларынша, қамауда отырғандар арасында егде кісілер де бар.
Баспасөз мәслихатынан соң жиналғандар АҚШ бас консулдығына барды.
"Біз бұған дейін Қазақстан Сыртқы істер министрлігіне, Қытай консулдығына талай рет шағымданып бардық. Бірақ консулдық өкілдері тіпті арызымызды қабылдамады. Сол себепті, АҚШ консулдығына осы елден көмек сұрап келдік" деді жиынды ұйымдастырушылардың бірі Ербол Дәулетбек.
Консулдық өкілі Чарлз Перего консулдық жиналғандардың барлығын қабылдай алмайтынын айтып, алты адамды ішке кіргізді. Кездесуге кіріп шыққандардың бірі Гаухар Құрманәлиева консулдық өкілдері өздеріне бастарына түскен проблемадан хабардар екенін, арыз-шағымын электронды түрде жолдауды сұрағанын айтты. Оның сөзінше, консулдық "қолдан келген көмегін көрсететінін" айтқан.
Қытайда жергілікті қазақтардың қысым көріп жатқаны туралы 2017 жылдың сәуір айынан хабарлана бастаған. Былтыр Астанада өткен Дүниежүзі қазақтарының құрылтайы кезіндееуропалық қазақ Өмірхан Алтын бұл мәселені Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың алдында көтерген.
Оқи отырыңыз: Қытай мұсылмандарына қысым жасалғаны туралы жаңа дерек жарияланды
Биыл мамыр айында Қазақстан сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов "Қазақстан азаматтығын алғаннан кейін "Қытай азаматтығынан шығу заңдылығын бұзған болуы ықтимал" деген күдікпен Қытайда ұсталған этникалық қазақтар туралы журналистер сауалына жауап берді.
Министр жауабында: "Бізде дәл қазір 170-тей этникалық қазақ туралы мәлімет бар. Әрбір адам бойынша жұмыс істеп жатырмыз" деп айтқан. Бұдан бөлек, Қытайда қамауда болған бірнеше азаматтың босап шыққаны белгілі болған.
Оқи отырыңыз: Қытайға "кіріптар" Астананың "сақ" дипломатиясы
Қытайдағы этникалық азшылық өкілдерінің "саяси лагерьлерге" жаппай қамалуы жайлы халықаралық адам құқығын қорғау ұйымдары мен әлемдік баспасөз жазып келеді. Тамызда The Financial Times газеті Қытайдан Қазақстанға қашып өткен этникалық қазақ Сайрагүл Сауытбайдың хикаясынбаяндап, Шыңжаңдағы қуғын-сүргін туралы мақалаға жазған. Қытайдың Ұлыбританиядағы елшісі Лю Сяомин мақалаға жазған жауап хатында басылым дерегін "жұртты шатастыратын ақпарат" деп, Шыңжаңда этникалық топ өкілдерінің қудаланатынын терістеген.