Қырғызстан Жогорку Кеңешінің депутаты Кенжебек Бокоев үкімет назарын елдегі су бөгендеріне аударып, көрші республикаларға су сатуға шақырды.
"Талас облысындағы Киров бөгенінде 2 мың гектар жер су астында қалды. Ол жерде біз суды жинаймыз да, Қазақстанға береміз. Бөгендегі судың 90 пайызын Қазақстан мен Өзбекстан тегін пайдаланып келеді. Үкімет олардан ақша алу мәселесін қарастыру керек" деді Бокоев.
Депутаттың сөзінше, Талас өңірінің егістік алқабы жеткілікті суғарылмағандықтан, ауыл шаруашылығы өнімдерінің бағасы төмендеп, фермерлердің еңбегі ақталмай жатқанын айтты. Ол үрмебұршақ бағасы 30-35 сом (0,5 доллар), ал қараөрік 7-10 сом тұрады дейді.
Талас облысындағы Киров бөгені 1975 жылы Манас және Кара-Буура аудандарының ортасында салынған. Оған 550 миллион текшеметр су сыяды. Қырғызстан оның тек 12 пайызын пайдаланады. Қалған суды келісім бойынша Қазақстан алады.
Қазақстан суды пайдаланғаны үшін жыл сайын бөгенге 70 миллион теңге (194 мың доллар) бөліп, жөндеу жұмыстарын жүргізеді. Бірақ Қырғызстан бұл қаржыны азсынып отыр.