Солтүстік Корея АҚШ-қа сенбейінше, ядролық қарусыздану процесін бастамайды. 29 қыркүйекте өткен БҰҰ Бас ассамблеясының сессиясында Солтүстік Кореяның сыртқы істер министрі Ли Ен Хо осылай деп мәлімдеді.
Министрдің сөзінше, АҚШ бастаған Пхеньянға салынған санкциялар өзара сенімді қалыптастырмайды.
Әйткенмен Ли Ен Хо Сингапурда жазда болған АҚШ-Солтүстік Корея басшыларының саммитін өзара келісімнің "ілгерілеуі" деп атап өтіп, Пхеньянның ядролық қарудан бас тартуға дайын екенін мәлімдеген.
Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ынмен кездесудің сәтті өткенін айтып, бірақ Солтүстік Корея қарудан бас тартатынын іс жүзінде дәлелдемейінше санкция күшінде қала беретінін айтқан.