Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев ірі компаниялардың басшылары мен бизнесмендерге Түркістан қаласында бір бір нысан салып, қалаға қаржылай қолдау көрсетуді тапсырды. Түркістан облысына сапарында үкімет мүшелері және ірі компаниялар басшыларымен өткен жиын барысында Назарбаев мемлекет бизнесмендерге үнемі қолдау көрсететінін, енді олар елдің дамуына үлес қосуы тиіс екенін айтты.
Президент ENRC компаниясы басшыларының бірі, миллиардер Патох Шодиевке Түркістанда түркі халықтарының мұражайын салуды, "Базис-А" құрылыс компаниясының басшысы Александр Беловичке қалада театр салуды, "ҚазМұнайГаз" басшысы Сауат Мыңбаевқа халықаралық талаптарға сай стадион салуды тапсырды.
Сонымен қатар "BI Group" холдингінің басшысы Айдын Рақымбаев "Қазақ хандары, билері мен батырларының орталығын" салуға, ал Highvill Kazakhstan құрылыс фирмасы тұрғын үй кешенін салуға, "Қазақстан теміржолы" ұлттық компаниясы Жастар сарайын салуға міндеттелді.
Ал KEGOK компаниясы Қожа Ахмет Ясауидің шағын мұражайын, кәсіпкерлер Данияр Әбілғазин су спорты кешенін, Нұрлан Смағұлов автосалон салатын болды.
Бұдан өзге, "Қазпошта" Түркістанда заманауи пошта бөлімін ашатын болды.
"Қазатомөндіріс" ұлттық компаниясы мен түркиялық компаниялар Түркістанға қаржылай қолдау көрсетеді.
Жиын барысында Назарбаев қала аумағының ұлғаюы және халық санының көбеюіне байланысты әкімдікке "Самұрық-Қазына" қоры, Инвестиция және даму министрлігімен бірлесіп Түркістан вокзалын қайта салу, әуежай салу және әуе тасымалымен қамтамасыз ету мәселелерін қарастыруды тапсырды.
20 маусымда президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан облысы болып өзгертілген. Жарлыққа сай, Түркістан облысының орталығы Түркістан қаласы, ал халқының саны миллионға жеткен Шымкент республикалық маңызы бар қала мәртебесіне ие болған.
Бірнеше күн бұрын Назарбаев ел үкіметіне бір ай көлемінде Turkistan экономикалық аймағын құруды тапсырған.