Константинополь православие шіркеуінің Киелі Синоды (немесе Бүкіләлемдік патриархат) Украина православие шіркеуіне автокефалия (әкімшілік өзін-өзі басқару құқығы) беруге шешім қабылдады. 1686 жылғы Киев митрополиясын Орыс шіркеуіне қосу келісімі жойылды. Бұл туралы Бүкіләлемдік патриархат сайтында хабарланды.
Украин православие шіркеуінің патриархы Филарет және Украина автокефальді православие шіркеуінің митрополиті Макарий канондық деп танылады. Филареттің өзі бұл шешім Украинада біртұтас жергілікті шіркеу құруға мүмкіндік беретінін мәлімдеді. Константинополь шіркеуінің шешімін Украина президенті Петр Порошенко қолдады. Ал Орыс православие шіркеуі Киевке автокефалия беруді "апат" және "бөлінуді заңдастыру" деп атады.
Бұдан бұрын Бүкіләлемдік патриархаттың Киевтегі экзархы (ресми өкілі - ред.) украин шіркеуінің автокефалия алу ықтималдығы жоғары екенін мәлімдеген. Мәскеу патриархатының Украина православие шіркеуі Константинополь иерархиясымен бірге құлшылық қылуды тоқтатты.
Қыркүйектің басында Константинополь шіркеуі "Украинадағы православие шіркеуіне автокефалия беруге дайындық аясында" Киевке өзінің ресми өкілдері - екі экзархын жіберген.
Қазір Украинада бірнеше православиелік діни ұйым жұмыс істейді. Олардың ең ірілері - Мәскеу патриархатының Украин православие шіркеуі, Киев патриархатының Украин православие шіркеуі және Украин автокефальді православие шіркеуі.
Украина президенті Петр Порошенко мен Жоғарғы Рада бұған дейін Константинополь патриархы Варфоломейден біртұтас автокефальді украин православие шіркеуін құруға көмектесуін сұраған. Орыс православие шіркеуі Украин православие шіркеуіне автокефалия беруге қарсы шығып, Константинопольмен байланысын үзетінін ескерткен. Орыс православие шіркеуі соңғы кезде құлшылықта Бүкіләлемдік патриархты атамайтын болған.