Ресей президенті Владимир Путин 18-19 қазанда Өзбекстанға барып, атом электр станциясы (АЭС) құрылысының ашылу салтанатына қатысады.
Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев 16 қазанда Тудакул су қоймасында алғашқы АЭС салу туралы Ресеймен келісімді бекітті. Станция ресейлік жоба бойынша салынады. Дәл осындай жоба бойынша Беларусьтің Островец қаласында да АЭС салынып жатыр. Оның құнын Кремль 11 миллиард доллар деп бағалады.
АЭС салынатын Тудакул су қоймасы Бұхара қаласынан солтүстік-шығысқа қарай 25 шақырым жерде орналасқан. Станцияға жақын маңда Бұхара және Навои өндірістік аумақтары орналасқан.
Тудакулге Зеравшан өзенінің артық сулары жиналады. Оған каналдар арқылы Әмудария суы да қосылады.
Өзбекстан билігі атом электр станциясы 4 миллиард текше метр табиғи газ үнемдеуге мүмкіндік береді деп есептеп отыр. Экологтар АЭС-тің қауіпті екенін билікке ескертіп, Күннен қуат алатын электр станциясын салуды ұсынған. Бірақ билік жасыл технология қымбат деп бұл жобадан бас тартты.
Орталық Азия елдерінде АЭС тек Қазақстанда болған. 1973–1999 жылдары Ақтауда жылдам нейтрондар реакторы жұмыс істеген. Оның қуаты 350 мегаватт болған. Қазір Қазақстанда АЭС жоқ, бірақ Астана мен Мәскеу кем дегенде екі атом станциясын салу туралы келіссөз жүргізіп келеді.