Бішкектің Первомай аудандық соты Қырғызстанның бұрғынғы президентінің кеңесшісі Икрамжан Илмияновты сырттай қамауға алу туралы шешім шығарды. Бұл жөнінде Жоғарғы соттың баспасөз қызметі хабарлады.
Сот шешіміне сәйкес, айыпталушы Илмияновты Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің (МҰҚК) тергеу абақтысына қамау шарасы қаралған.
МҰҚК Икрамжан Илмияновқа іздеу жарияланғанын хабарлады. Ол 2018 жылдың маусым айында елден шығып кетіп, содан бері оралмаған. Оның қайда екені белгісіз.
Икрамжан Илмиянов экс-президент Алмазбек Атамбаевтың ең сенімді адамы саналады. Атамбаев президент болған жылдары оның мансабы бірден өсті. 2010 жылы Атамбаев премьер-министр болып тұрғанда оның кеңесшісі болған. Кейін Атамбаев президент болып сайланғаннан кейін Илмиянов президент аппараты басшысының орынбасары қызметіне дейін көтерілген.
Алмазбек Атамбаевтың президенттік өкілеті былтыр қарашада аяқталған. Содан бері Атамбаев пен оның орнына сайланған президент Сооронбай Жээнбековтің қарым-қатынасы біраз нашарлаған. 2017 жылы Атамбаев президент сайлауының қарсаңында сол кезде премьер-министр болып тұрған Жээнбековті "досым" деп атаған.
Биыл маусымда Атамбаев жақын екі серігі - бұрынғы премьер-министрлер Сапар Исаков пен Жанторо Сатыбалдиев ұсталған.